Ақтөбеде Ауған соғысы ардагерлері арасында X мерейтойлық республикалық волейбол турнирі басталды

Ақтөбеде Ауған соғысы ардагерлері арасында X мерейтойлық республикалық волейбол турнирі басталды

 

Турнирге Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 100-ден астам қатысушы жиналып, жеңіс үшін бақ сынап, майдандас достарымен қауышты.

Дәстүр бойынша жарыстың ресми ашылу салтанаты басталмас бұрын, қатысушылар мен қонақтар интернационалист жауынгерлерге арналған ескерткіш-обелискі және екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдиновтің бюст-ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, Отан қорғаушылардың рухына тағзым етті.

Турнирдің салтанатты ашылу рәсімі екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институтында өтті. Іс-шараға Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров қатысты.

Турнирге қатысушыларға арнаған сөзінде облыс әкімі Асхат Шахаров интернационалист жауынгерлердің тарихи жадыны сақтаудағы және жас ұрпақты тәрбиелеудегі рөлін ерекше атап өтті.

«Ауғанстаннан әскердің шығарылғанына 37 жыл өтті. Осы уақыт ішінде жаңа буын өсіп жетілді. Алайда интернационалист жауынгерлердің ерлігі мен батырлығы ешқашан ұмытылмайды. Сіздердің ерліктеріңіз, әскери антқа адалдықтарыңыз және Отан мүддесін қорғауға әрдайым дайын болуларыңыз – шынайы отансүйгіштіктің жарқын үлгісі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев тарихи жадыны сақтау, халық бірлігін нығайту және жастарды елге деген сүйіспеншілік рухында тәрбиелеу мәселелеріне аса көңіл бөліп келеді. Бұл құндылықтар еліміздің Ата заңында да айқын көрініс тауып, Қазақстанның бүгіні мен болашағына деген жауапкершілік бекітілген.
Бүгінде сіздер өз өмірлік тәжірибелеріңізді жас ұрпаққа жеткізіп, азаматтық жауапкершілік пен Отан тарихына құрмет сезімін қалыптастыруға зор үлес қосып келесіздер. Елге адал қызмет ететін нағыз патриоттың қандай болуы керектігін өз істеріңізбен көрсетіп жүрсіздер.
Бұл турнир – тек спорттық жарыс қана емес, сонымен қатар майдандас достардың бас қосып, достық пен бірлікті нығайтатын, жауынгерлік бауырластық дәстүрін жалғастыратын маңызды алаң. Барша қатысушыға зор денсаулық, бақ-береке, әділ бәсеке, жарқын жеңістер және жарыстың табысты өтуін тілеймін», – деді облыс әкімі.

«Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев турнирге қатысушыларды құттықтап, бейбітшілікті, тәуелсіздікті және патриоттық құндылықтарды сақтаудың маңыздылығына тоқталды.

«Еліміздің ең басты байлығы – бейбітшілік пен тыныштық. Жауынгерлік жолдан өткен батальон командирі ретінде мен әскери анттың, ерліктің және борышқа адалдықтың қадірін жақсы білемін.
Сіздердің өмір жолдарыңыз – жас ұрпақ үшін шынайы отансүйгіштіктің үлгісі. Отанды сүю – тек сөз емес, оның мүддесін қорғауға және халқына адал қызмет етуге дайын болу. Осы құндылықтарды жастардың бойына сіңіріңіздер. Тәуелсіз Қазақстанның болашағы – өскелең ұрпақтың қолында», – деді Бақытжан Ертаев.

Турнирге Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Қызылорда облыстары мен еліміздің өзге өңірлерінен келген 108 спортшының басын біріктірген 108 спортшы қатысады. Жарыстар Ақтөбе мұнай және газ колледжінің спорт базасында өтуде. Топтық кезең, жартылай финалдық және финалдық кездесулердің қорытындысы бойынша турнирдің жеңімпаздары мен жүлдегерлері анықталады.