Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаевтың төрағалығымен 2026–2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындық мәселелері бойынша жұмыс кеңесі өтті.
Отырыс барысында жылумен жабдықтау, сумен жабдықтау, су бұру және электрмен жабдықтау жүйелерін, сондай-ақ өңірдегі әлеуметтік нысандар мен тұрғын үй қорын қысқы кезеңге дайындау мәселелері қаралды.
Қазіргі таңда әлеуметтік нысандарда, көпқабатты тұрғын үйлерде және қазандықтарда жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, 70,3 шақырым су құбыры және кәріз желілеріне, 14,7 шақырым жылу желілеріне, 895,1 шақырым электр желілеріне ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары, сондай-ақ жабдықтарды жөндеу және жаңғырту жұмыстары атқарылуда.
Сонымен қатар, бюджеттік ұйымдар үшін 18 686 тонна көмір мен 1 204 тонна дизель отынын дайындау жоспарланған. Халықтың көмірге деген қажеттілігі 12 712 тоннаны құрайды.
Айтып өтейік, өткен жылыту маусымымен салыстырғанда автономды қазандықтарға қажетті отын көлемі азайды. Бұл облыстағы елді мекендерді газдандыру жұмыстарының жалғасуы және әлеуметтік нысандардың табиғи газға кезең-кезеңімен қосылуымен байланысты.
Жиын қорытындысы бойынша жауапты ұйымдарға жөндеу жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтау бойынша бірқатар нақты тапсырма берілді. Олардың орындалуын бақылау Ақтөбе облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына жүктелді.
