Байғаниндегі табиғи апат: зардап шеккен тұрғындарға барлық қажетті қолдау көрсетіледі

Байғаниндегі табиғи апат: зардап шеккен тұрғындарға барлық қажетті қолдау көрсетіледі

 

Байғанин ауданындағы Қарауылкелді ауылында қатты дауылдан зардап шеккен тұрғындармен арнайы комиссия кездесіп, келтірілген шығынды бағалау жұмыстарын жалғастыруда. Әрбір өтініш жеке қаралып, қолданыстағы заңнамаға сәйкес қажетті қолдау шаралары қабылданады.

Табиғи апат салдарынан баспанасы қатты зақымданған тұрғындардың бірі Ақбаян Есенғұл көрсетіліп жатқан қолдау мен атқарылып жатқан жұмыстарға сенім білдірді.


«Табиғаттың тосын апатына байланысты үйім жарамсыз хәлге түсті. Қазір өздеріңіз көргендеріңіздей апатты жағдайда тұр. Облыс әкімдігі, аудан әкімдігі төтенше жағдай жариялап, жағдайды бақылауда ұстаймыз, қадағалаймыз деп жатыр. Осындай жағдайға түскендіктен алғыс білдіре, көмек күтеміз. Бұл - табиғи апат, біреуді кінәлаудан аулақпыз. Жалғыз менің ғана емес, аудан тұрғындарының біраз бөлігінің басына түсіп тұрған жағдай. Баршамызға Алла күш-қуат берсін», – дейді аудан тұрғыны Ақбаян Есенғұл.


Қазіргі уақытта Қарауылкелді ауылында қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда. Арнайы комиссия тұрғын үйлер мен инфрақұрылым нысандарына келтірілген залалды анықтап, зардап шеккен азаматтарға қажетті қолдау көрсету бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр. Жедел штаб пен «жедел желі» ұйымдастырылды.