
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың тапсырмасына сәйкес құрылған арнайы жұмыс тобы Байғанин ауданының Қарауылкелді ауылында табиғи апат салдарын жою жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Жұмыстарды облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов үйлестіруде. Ол аудан әкімдігі, төтенше жағдайлар жөніндегі комиссия, полиция департаменті, электр және газбен жабдықтау саласының авариялық қызметтері өкілдерімен бірге қалпына келтіру шараларының барысын бақылап, тұрғындармен кездесулер өткізді.
Қазіргі таңда ауылдағы мобильді байланыс толық қалпына келтірілді. Электр желілерінде авариялық бригадалар үздіксіз жұмыс жүргізіп жатыр. Жарық мекемелерде, ауылдың кей үйлерінің көп бөлігінде қосулы. Мамандардың мәліметінше, электрмен жабдықтау жақын уақытта толық қалпына келтіріледі.
Облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуовтің айтуынша, қазіргі басты міндет – тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, зардап шеккен азаматтарға қажетті көмекті жедел көрсету.
«Ең бастысы – табиғи апаттан адам шығыны болған жоқ. Қазір арнайы комиссия әрбір ауланы аралап, тұрғындармен кездесіп, келтірілген шығын көлемін анықтап жатыр. Әр отбасының қажеттілігі жеке қаралады. Зардап шеккендердің барлығына заң аясында тиісті қолдау көрсетіледі. Сонымен қатар, эвакуациялық пунктке орналастырылған азаматтар барлық қажетті жағдаймен қамтамасыз етілген. Табиғи апаттың салдарын мүмкіндігінше қысқа мерзімде жою үшін барлық қызмет жұмылдырылды», – деді Ғалымжан Елеуов.
Оқиға орнында жедел штаб пен тәулік бойы жұмыс істейтін «жедел желі» ұйымдастырылған. Арнайы комиссия тұрғын үйлер мен әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарға келтірілген залалды бағалауда.
Еске салсақ, 9 шілде күні Қарауылкелді ауылында қатты екпінді желдің салдарынан «Қазақтелеком» АҚ теңгеріміндегі биіктігі 47 метрлік антенна-діңгек құлаған. Салдарынан бір қабатты дүкеннің шатыры зақымданып, үш адам жарақат алды. Олардың барлығына медициналық көмек көрсетіліп, жағдайлары дәрігерлердің бақылауына алынды.
Сонымен қатар, дауылды жел тұрғын үйлердің шатырларын ұшырып, электр желілеріне зақым келтірген. Қалпына келтіру жұмыстарына авариялық қызметтердің барлық қажетті күші мен техникасы жұмылдырылған.
Қазіргі уақытта Байғанин ауданында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай режімі күшінде. Өңірлік штаб жағдайды тұрақты бақылауда ұстап, тұрғындардың қалыпты өмір сүру жағдайын қалпына келтіру бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда.