Өңір басшысы халықаралық стандарттағы Hilton қонақ үйі құрылысының барысымен танысты

Өңір басшысы халықаралық стандарттағы Hilton қонақ үйі құрылысының барысымен танысты

 

Қонақ үй кешені толық іске қосылғанда 178 тұрақты жұмыс орны ашылмақ. Ал салынған инвестицияның жалпы құны 8 млрд теңгеден асады.

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров өңірдегі туризм мен қызмет көрсету саласын дамытуға бағытында қолған алынған инвестициялық жобалардың бірі - халықаралық деңгейдегі Hilton қонақ үй кешенінде болды.

Нысан Әбілқайыр хан және Әлия Молдағұлова даңғылдарының қиылысында орналасқан.

Зәулім ғимараттағы құрылыс 75 пайызға аяқталды. Бүгінде ішкі әрлеу, қасбетті монтаждау, инженерлік жүйелерді іске қосу және жиһаз орнату жұмыстары жүргізілуде.

Қонақ үй кешенінде 181 бөлме бар, оның ішінде люкс санатындағы нөмірлер мен апартаменттер, бірнеше мейрамхана, заманауи конференц-залдар, SPA және фитнес орталықтары, бассейндер, сондай-ақ халықаралық стандарттарға толық сай сервистік инфрақұрылым қарастырылған.

Облыс әкімі жобаның Ақтөбе облысы үшін стратегиялық маңызын ерекше атап өтті. Сондықтан құрылыстың белгіленген мерзімде әрі жоғары сапамен аяқталуын қамтамасыз ету – басты міндет.

Кешеннің іске қосылып, толық қуаттылыққа көшуі - өңірдің туристік және іскерлік әлеуетін арттырып, қызмет көрсету саласының дамуына жаңа серпін береді әрі бюджетке түсетін салық түсімдерін ұлғайтпақ.