Алға ауданында инфрақұрылым жаңғыртылуда: басымдық – жол, тұрғын үй және әлеуметтік нысандар

Алға ауданында инфрақұрылым жаңғыртылуда: басымдық – жол, тұрғын үй және әлеуметтік нысандар

 

Алға ауданында 2026 жылға жоспарланған әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру жұмыстары қарқынды жалғасуда. Бұл туралы аудан әкімі Асланбек Шүйіншалиев мәлімдеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмалары және Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың қолдауымен ауданның инженерлік инфрақұрылымын дамыту, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру және инвестиция тарту бағытындағы бірқатар маңызды жоба жүзеге асырылып жатыр.

Бүгінде Алға ауданында орталықтандырылған ауыз сумен қамту көрсеткіші 100 пайызға жетті. Ал табиғи газбен қамту деңгейі 98,8 пайыз. Биыл Жерұйық ауылына газ тарту бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, құрылыс жұмыстарын бастау үшін қаржыландыру мәселесі пысықталуда.

Жол инфрақұрылымын жаңғырту да негізгі басымдықтардың бірі. Биыл аудандағы жалпы ұзындығы 22 шақырымды құрайтын жол жөнделеді. Оның ішінде Алға қаласы мен бірнеше ауылдық елді мекендегі 18 көшеге орташа жөндеу жүргізілсе, Алға – Тоқмансай бағытындағы ауданаралық жол толық жаңартылады. Сонымен қатар, Алға қаласындағы Шоқан Уәлиханов көшесі күрделі жөндеуден өтіп, 4-шағын аудандағы тұрғын үйлердің аулалары мен әлеуметтік нысандарға апаратын жолдар толықтай асфальтталады.

Тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету бағытында да нақты жұмыстар қолға алынған. Қазіргі таңда тұрғын үйлерді жаңғырту бағдарламасы аясында Алға қаласындағы 11 көпқабатты тұрғын үй күрделі жөндеуден өтуде. Сонымен қатар, биыл қалада тағы бес жаңа көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы басталады.

Аудандағы қоғамдық кеңістіктер де жаңарып келеді. Жыл басынан бері Алға қаласында төрт балалар ойын алаңы мен Контрабак шағын ауданында шағын футбол алаңы пайдалануға берілді. Мұндай жобалар Тоқмансай, Қайнар, Маржанбұлақ, Қарағаш және Қарақобда ауылдарында да жүзеге асырылады. Бұдан бөлек, Алға қаласында екі жаңа сквер мен Рәміздер алаңы ашылса, Сарықобда ауылындағы шағын саябақтың құрылысы аяқталды.

Келесі жылы аудан тұрғындары үшін бірқатар әлеуметтік нысан пайдалануға беріледі. Олардың қатарында Алға қаласындағы бассейні бар спорт кешені, күрделі жөндеуден өткен аудандық Мәдениет үйі және Маржанбұлақ ауылындағы жаңа спорт кешені бар. Сонымен бірге Тамды ауылында демеушілер есебінен ангар үлгісіндегі спорт кешенін салу мәселесі қарастырылуда.

Білім беру саласында да маңызды жоба қолға алынады. Биыл Талдысай ауылында жаңа мектептің құрылысы басталады. Ал өткен жылы басталған Алға қаласындағы жаңа теміржол вокзалының құрылысы аяқталып, үшінші тоқсанда пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.

Ауыл шаруашылығын дамыту және ветеринарлық қауіпсіздікті күшейту мақсатында Бесқоспа, Самбай, Ақай, Қарақобда және Маржанбұлақ ауылдық округтерінде жаңа ветеринарлық пункттердің құрылысы басталады.

Инвестициялық жобалар да аудан экономикасына серпін беруде. Қазіргі таңда «AqtobeCem» цемент зауыты мен кірпіш зауытының құрылысы жүргізілуде. Биыл брусчатка тасын өндіретін шағын цех іске қосылды. Сонымен бірге Алға қаласында жаңа мейрамхана мен жабық балалар ойын-сауық орталығы салынып жатыр.

Ірі инвестициялық жобалардың қатарында Маржанбұлақ ауылдық округіндегі 5 мың басқа арналған мал бордақылау алаңы, Тамды ауылындағы жаңа кемпинг және Үшқұдық ауылдық округіндегі шемішкі майын өндіретін шағын цех құрылысы бар.

Экологиялық бастамалар да жүйелі түрде жалғасуда. «Таза Қазақстан» акциясы аясында аудан бойынша 14 сенбілік ұйымдастырылып, оған 12 мың тұрғын қатысты. Тазалық жұмыстарына 125 техника жұмылдырылып, 4 мыңға жуық көшет отырғызылды.

Аудан әкімінің айтуынша, жоспарланған жобалардың барлығы тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға, өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға және елді мекендердің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған.