
Қазақстанның мемлекеттік қызмет жүйесінде мінсіз бедел институты, жаңа цифрлық кадрлық тетіктер және мемлекеттік қызметшілерге арналған кеңейтілген әлеуметтік кепілдіктер енгізілуде.
Облыс әкімі төрағалық еткен аппарат мәжілісіндк 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» жаңа Заңды іске асыру мәселелері қаралды.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы Айбек Шілманов жаңа Заңның негізгі ережелеріне жан-жақты тоқталып, құжат мемлекеттік қызмет жүйесін кешенді жаңғырту, мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыру, сервистік және азаматқа бағдарланған басқару моделін енгізу, кадрлық үдерістерді цифрландыруға және кадр саясатын жетілдіруге бағытталғанын атап өтті.
Оның айтуынша, Заңда алғаш рет мемлекеттік қызметтің миссиясы, мақсаттары мен қағидаттары айқындалған. Сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің мінсіз беделі институты енгізіліп, кадрларды даярлаудың жаңа тәсілдері, «E-қызмет» жүйесі арқылы цифрлық іріктеу тетіктері қарастырылған әрі мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік кепілдіктері кеңейтілген. Бұдан бөлек, қызметтік әдепті сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу, мүдделер қақтығысына жол бермеу және тәртіптік жауапкершілікті күшейту мәселелеріне ерекше назар аударылған.
Баяндама аяқталғаннан кейін жиынға қатысушылар жаңа заңнамалық нормаларды тәжірибеде қолдану мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, «А» корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымдарына жататын облыстық басқарма басшыларын тағайындау тәртібі, Заңды іске асыру үшін қажетті заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерді қабылдау мерзімдері, сондай-ақ Ақтөбе облысы енгізілген «Б» корпусы мемлекеттік қызметшілерінің лауазымдық деңгейлерін өзгерту жөніндегі пилоттық жобаны жүзеге асыру мәселелері көтерілді.
Талқылауды қорытындылаған облыс әкімі мемлекеттік қызмет жүйесін жетілдіру мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру, халықтың мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайту және кәсіби мемлекеттік аппарат қалыптастырудың маңызды шарттарының бірі екенін алға тартты.
Өңір басшысы барлық мемлекеттік орган басшыларына жаңа заң талаптарының мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз етуді және бұл жұмысты тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.