
Облыс әкімі төрағалық еткен аппарат мәжілісінде өңірдегі газ саласын дамыту мәселесі қаралды. Жиында газдандыру жобаларының іске асырылуы, газ тарату инфрақұрылымының техникалық жай-күйі, көрсетілетін қызметтердің сапасы және елді мекендерді табиғи газбен қамтудың алдағы жоспарлары талқыланды.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Арысұлан Айтбаевтың мәліметінше, облыстағы 319 елді мекеннің 208-і табиғи газбен қамтылған. Онда шамамен 903 мың адам тұрады.
2025 жылдың қорытындысы бойынша өңірде жалпы құны 12,2 млрд теңгені құрайтын 23 газдандыру жобасы іске асырылды. Соның нәтижесінде 31 ауылдың тұрғындары көгілдір отынға қол жеткізді.
Биыл Әйтеке би, Мәртөк және Ойыл аудандарындағы тағы 8 ауылды газдандыру жоспарланып отыр. Бұл 3,7 мың тұрғынды табиғи газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бүгінде 2 126 адам тұратын бес елді мекенге газ қосу жұмыстары толық аяқталды.
Өңірдің газбен қамту жүйесін одан әрі дамыту мақсатында республикалық бюджеттік комиссияға 5,5 млрд теңге көлемінде бюджеттік өтінім жолданды. Бұл қаражат тағы 8 жаңа жобаны іске асыруға бағытталмақ.
Аталған жобалар толық қаржыландырылған жағдайда облыста табиғи газбен қамтылған елді мекендер саны 225-ке жетіп, бұл жалпы санының 70,5%-ын құрайды. Нәтижесінде 910,2 мың адам немесе облыс халқының 98%-ы табиғи газға қол жеткізеді.
Сонымен қатар жаңа жобалар әзірлеу жұмыстары жалғасуда. Қазіргі таңда 5 жобаның жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалған, тағы 2 жоба бойынша құжаттама әзірленуде. Ал 2027–2029 жылдары 40 ауылды қамтитын 15 жобаны дайындау жоспарланған. Бұл жобалар 12,4 мың тұрғынды табиғи газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жоспарланған барлық іс-шара жүзеге асқан жағдайда табиғи газбен қамтылған елді мекендер саны 274-ке жетеді. Бұл облыстағы барлық елді мекеннің 85,9%-ын құрайды. Ал халықты табиғи газбен қамту деңгейі 99,6%-ға немесе 929,9 мың адамға дейін өседі.
Жиында газ тарату желілерінің техникалық жай-күйі, тарифтік қаражаттың тиімді пайдаланылуы, тұтынушыларға көрсетілетін қызмет сапасы және тұрғындарды газға қосу мерзімдері де талқыланды.
Облыс әкімі газдандыру жобаларының іске асырылуын тұрақты бақылауда ұстап, олардың уақытылы аяқталуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ газ тарату желілерінің техникалық жағдайына талдау жүргізіп, тозған инфрақұрылымды кезең-кезеңімен жаңғырту, газ жабдықтарын пайдалану кезінде өндірістік және тұрмыстық қауіпсіздік талаптарын күшейту жөнінде нақты міндеттер жүктеді.
«Газдандыру – өңірді дамытудың басым бағыттарының бірі. Біздің міндетіміз – әсіресе ауылдық елді мекен тұрғындарының табиғи газға қолжетімділігін қамтамасыз етіп, халықтың тұрмыс сапасын арттыру. Сонымен қатар газ желілерін кеңейтіп қана қоймай, көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартып, қосылу мерзімдерін қысқарту және барлық артық әкімшілік кедергілерді жою маңызды», – деді Асхат Шахаров.