Ақтөбе облысының колледждерін 8 мыңнан астам жас маман бітірді

Ақтөбе облысының колледждерін 8 мыңнан астам жас маман бітірді

 

2026 жылы Ақтөбе облысының техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын 8745 жас маман тәмамдады. Түлектер өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, білім беру, денсаулық сақтау, қызмет көрсету және өңір экономикасының өзге де салалары үшін білікті кадрлар қатарын толықтырды.

1963 студент жұмысшы біліктілігі бойынша диплом алды. Олар – дәнекерлеушілер, электромонтерлер, механиктер, аспаздар, құрылысшылар, көлік саласының мамандары және еңбек нарығында сұранысқа ие өзге де жұмысшы кәсіптерінің иелері. Жас мамандар еңбек жолын бастап, өндіріс орындары мен кәсіпорындардың дамуына өз үлестерін қоспақ.

Түлектердің ең басым бөлігін орта буын мамандары құрайды. Биыл бұл санат бойынша 6493 түлек диплом иегері атанды. Олар білім беру, денсаулық сақтау, ақпараттық технологиялар, ауыл шаруашылығы, экономика, қызмет көрсету, өнеркәсіп және басқа да салаларда еңбек етіп, өңірдің кадрлық әлеуетін нығайтады.

Сонымен қатар, 289 студент қолданбалы бакалавриат бағдарламалары бойынша оқуын аяқтады. Қолданбалы бакалаврларды даярлау өндіріс талаптарына сай, тәжірибелік даярлығы жоғары, кәсіби міндеттерді тиімді орындай алатын мамандарды қалыптастыруға бағытталған.

Білікті жұмысшы кадрларды, орта буын мамандарын және қолданбалы бакалаврларды даярлау техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің негізгі басымдықтарының бірі болып қала береді. Бұл өз кезегінде өңірдің еңбек нарығын бәсекеге қабілетті, заманауи талаптарға сай білікті мамандармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.