Ақтөбе облысында тұрақтандыру қорына арналған көкөніс алқаптарының жай-күйі зерделенді

Ақтөбе облысында тұрақтандыру қорына арналған көкөніс алқаптарының жай-күйі зерделенді

 

Ақтөбе облысында тұрақтандыру қорына көкөніс өнімдерін жеткізетін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің егіс алқаптарына көшпелі жұмыс сапары ұйымдастырылды. Оған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мен «Ақтөбе» ӘКК мамандары қатысты.

Жұмыс барысында «Арман» шаруа қожалығы, «Пригородный АШФ» ЖШС, «Еламан-2014» ЖШС, «Болат ЛТД» ЖШС және «Туражол» ЖШС-нің егіс алқаптары араланып, көкөніс дақылдарының вегетациялық кезеңінің өту барысы мен тұрақтандыру қорына өнім жеткізу бойынша қабылданған міндеттемелердің орындалуы бағаланды.

Зерделеу нәтижесінде көкөніс дақылдарының вегетациялық кезеңі қалыпты жағдайда өтіп жатқаны анықталды. Егіс алқаптарында көктеу көрсеткіші жақсы, агротехникалық жұмыстар белгіленген мерзімге сәйкес жүргізілуде. Арамшөптерден тазарту және дақылдарға күтім жасау жұмыстары уақытылы атқарылып жатыр.

Мұндай көшпелі тексерулер өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, тұрғындарды сапалы көкөніс өнімдерімен қамтуға және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының тұрақтылығын сақтауға бағытталған.