Ақтөбе облысында қуаттылығы 250 МВт құрайтын энергия жинақтау жүйесімен жабдықталған жел электр станциясын салу жоспарлануда

Ақтөбе облысында қуаттылығы 250 МВт құрайтын энергия жинақтау жүйесімен жабдықталған жел электр станциясын салу жоспарлануда

 

Өңір басшысы Асхат Шахаров Envision Energy компаниясының аға вице-президенті, Батыс өңір бойынша басқарма төрағасы Вэй Вэймен жел электр станциясын салу жобасын іске асыру мәселесін талқылады.

Асхат Шахаров жаңартылатын энергия көздерін дамыту Қазақстанның мемлекеттік саясатының басым бағыттарының бірі екенін және елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.


«Жаңартылатын энергия көздерін дамыту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Ақтөбе облысы үшін бұл жоба стратегиялық маңызға ие, өйткені ол «жасыл» энергетиканы дамытуға және заманауи технологияларды енгізуге ықпал етеді. Біз сенімді халықаралық серіктестерді тартуға мүдделіміз. Жобаны табысты іске асыру үшін облыс әкімдігі тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіледі», – деді облыс әкімі.


Жобаның жалпы құны шамамен 215 миллион АҚШ доллар. Жел электр станциясын салу және оны кейіннен пайдалану кезеңінде 300 жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Бұл халықты жұмыспен қамтуға және жергілікті мамандардың біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді.

Кездесу барысында Envision Energy компаниясының өкілдері жаңартылатын энергетика саласындағы жобаларды жүзеге асыру тәжірибесімен таныстырды. Бүгінде Envision Energy интеллектуалды жел энергетикасы, энергия жинақтау жүйелері және цифрлық энергетикалық шешімдер саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі саналады. 2024 жылдың қорытындысы бойынша компания жел турбиналарына берілген тапсырыстар көлемі жөнінен әлемде бірінші орынға, ал орнатылған қуат көлемі бойынша екінші орынға ие болды.

Тараптар жобаны әзірлеудің қазіргі жай-күйін, оны іске асырудың келесі кезеңдерін, сондай-ақ мемлекеттік органдармен және жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады.

Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар ынтымақтастықты жалғастыру ниеттерін растады және аталған жобаның жүзеге асырылуы «жасыл» энергетиканы дамытуға, инвестиция тартуға және Ақтөбе облысының тұрақты дамуына елеулі үлес қосатынына сенім білдірді.