Ұлғайсын ауылы орталықтандырылған ауыз суға қосылды

Ұлғайсын ауылы орталықтандырылған ауыз суға қосылды

 

Осылайша, Әйтеке би ауданында сумен қамту көрсеткіші 99 пайызды құрап тұр. Шілде айында тағы бір ауылға су келеді.

Әйтеке би ауданының Аралтоғай ауылдық округіне қарасты Ұлғайсын ауылында орталықтандырылған ауыз су жүйесі іске қосылды. Көптен күткен жоба аяқталып, ауыл тұрғындары таза ауыз суды пайдалануға мүмкіндік алды.

Жаңа нысанның ашылу рәсіміне аудан әкімі Дәулетияр Тоғызбаев қатысып, тұрғындарды қуанышты оқиғамен құттықтады. Ол халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету – тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті.

Ұлғайсын ауылындағы су желісінің іске қосылуы ауданның сумен қамту көрсеткішін едәуір жақсартты. Бұған дейін аудандағы 27 елді мекеннің 25-і орталықтандырылған және арнайы фильтрленген ауыз сумен қамтылған болса, енді бұл көрсеткіш елді мекендер саны бойынша 96 пайызға жетті. Ал халық саны бойынша 19 312 адам, яғни аудан тұрғындарының 99 пайызы сапалы ауыз сумен қамтылып отыр.

Қазіргі таңда Аққұм ауылын орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосу жұмыстары толық аяқталған. Жүйені іске қосу шілде айына жоспарланған. Осы жоба жүзеге асқаннан кейін Әйтеке би ауданындағы халықты сапалы ауыз сумен қамту деңгейі 100 пайызға жетеді.

Ұлғайсын ауылының тұрғындары көптен күткен игіліктің жүзеге асқанына ризашылықтарын білдірді.

Айта кетейік, былтыр Ұлғайсын ауылы көгілдір отынмен қамтылған еді.