Ақтөбе облысында вегетациялық кезең қолайлы агрометеорологиялық жағдайда өтуде

Ақтөбе облысында вегетациялық кезең қолайлы агрометеорологиялық жағдайда өтуде

 

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың қатысуымен өткен жиында егіс науқанының қорытындылары талқыланып, вегетациялық кезеңнің өту барысы, орақ науқанына дайындық, шаруаларды сумен қамтамасыз ету және егістіктерді зиянкестерден қорғау мәселелері қаралды.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Айсұлтан Кеңбейловтің айтуынша, биылғы вегетациялық кезең қолайлы агрометеорологиялық жағдайда өтуде. Көктемгі дала жұмыстары агротехникалық талаптарға сай әрі белгіленген мерзімде аяқталды. Жалпы ауыл шаруашылығы дақылдары 603,7 мың гектар алқапқа егілді.

Спикердің айтуынша, биылғы маусым жауын-шашын мөлшерінің климаттық нормадан айтарлықтай көп түсуімен ерекшеленеді. «Қазгидромет» деректеріне сәйкес, сәуір-мамыр айларында 54 мм норма орнына 74,6 мм, ал маусымда 24,4 мм норма орнына 57,8 мм жауын-шашын түскен. Бұл топырақтағы ылғал қорын жеткілікті деңгейде қалыптастырып, ауыл шаруашылығы дақылдарының өсіп-жетілуіне қолайлы жағдай жасады.

«Егістіктердің жағдайы жақсы, маусымдық кезеңге сәйкес дамып келеді. Қазіргі уақытта арамшөптер, түрлі аурулар мен зиянкестерге қарсы қорғау жұмыстары жалғасуда», – деді Айсұлтан Кеңбейлов.

Отырыста саланы мемлекеттік қолдау мәселелері де қаралды. Биыл өсімдік шаруашылығын субсидиялауға бюджеттен 2,1 млрд теңге бөлінді. Қаражат тұқым шаруашылығын дамыту, минералдық тыңайтқыштар мен пестицидтердің құнын арзандатуға бағытталған.

Фитосанитариялық іс-шараларға баса назар аударылды. 2026 жылы үйірлі шегірткеге қарсы химиялық өңдеу 424 мың гектар алқапта жүргізіледі деп жоспарланған. Бүгінгі таңда оның 314,2 мың гектары өңделді. Сонымен қатар үйірсіз шегірткеге қарсы 69,3 мың гектар жерге өңдеу жұмыстары жүргізілді. Анықталған зиянкестердің ошақтары залалсыздандырылады.

Сондай-ақ киіктердің егістік алқаптарын таптауына жол бермеу мақсатындағы жұмыстар да жалғасуда. Әйтеке би ауданында 32 адамнан құралған, 20 арнайы техникамен жабдықталған 11 мобильді топ жұмыс істеуде. Бұл топтарға жалпы егіс көлемі 83 мың гектарды құрайтын 10 шаруа қожалығы бекітілген.

Баяндаманы тыңдаған облыс әкімі вегетациялық кезеңнің тұрақты өтуін қамтамасыз ету агроөнеркәсіп кешенінің негізгі міндеттерінің бірі екенін атап өтті.

«Ауыл шаруашылығының тиімділігі, өнімділік деңгейі және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің әл-ауқаты су ресурстарын ұтымды пайдалануға әрі туындаған мәселелерді дер кезінде шешуге тікелей байланысты. Барлық жауапты мемлекеттік орган вегетациялық кезеңнің сапалы өтуін қамтамасыз етіп, қолда бар су ресурстарын тиімді пайдаланып, аграршылардың өтініштеріне жедел әрекет етіп, туындаған мәселелерді уақытылы шешуі қажет. Бұл мәселе тұрақты бақылауда болуы тиіс», – деді өңір басшысы.

Асхат Шахаров егістіктердің жай-күйіне тұрақты мониторинг жүргізуді, алдағы орақ науқанына ауыл шаруашылығы техникалары, астық қоймалары мен элеваторлардың дайындығын аса бақылауда ұстауды, сондай-ақ қойылған барлық міндеттің сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.