
Ақтөбе облысында Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының заңды күшіне енуіне арналған кеңейтілген кеңес барысында облыс әкімі Асхат Шахаров он жас мемлекеттік қызметшіге жаңа Конституцияның арнайы басылымын табыстады.
Салтанатты рәсім Мемлекет басшысының жастарға деген ерекше сенімі мен елдің болашағын қалыптастырудағы олардың жауапкершілігін айқындайтын маңызды іс-шаралардың бірі болды.
Аймақ басшысы жастардың мемлекет дамуындағы орнына тоқталып, олардың кәсіби біліктілігімен қатар, заң үстемдігін, әділдік пен жауапкершілік қағидаттарын берік ұстануының маңызын атап өтті.
«Ел ертеңіне қызмет ететін, осы жиынға қатысып отырған әріптестерімнің ізбасары ретінде жолдарын басатын, мемлекеттік қызметті таңдап келген біздің жас мамандарымыз арамызда. Бүгін осындай тарихи күнде жас мемлекеттік қызметшілерге жаңа Конституцияның арнайы басылымын табыстағалы отырмыз, оның мәні зор. Бұл – құқықтық мемлекет құру жолындағы жауапкершіліктің және халыққа адал қызмет етудің символы. Әрқайсыңыз Конституция қағидаттарын басшылыққа алып, ел игілігі үшін абыройлы еңбек етеді деп сенемін. Сәттілік тілеймін», – деді Асхат Шахаров.
Шара соңында жас мемлекеттік қызметшілер Конституция талаптарын мүлтіксіз сақтап, халыққа адал қызмет етуге дайын екендіктерін білдірді.