
Ақтөбе облысында Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының заңды күшіне енуіне орай өңір басшысы Асхат Шахаровтың төрағалығымен кеңейтілген актив отырысы өтті.
Оған облыстық мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдардың басшылары, қоғамдық кеңес мүшелері, зиялы қауым өкілдері, жастар және азаматтық қоғам институттарының өкілдері қатысты.
«Жаңа Конституция – мемлекетіміздің болашағын айқындайтын маңызды тарихи белес. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Ата заңның күшіне енуі еліміздегі ауқымды қоғамдық-саяси реформалардың жаңа кезеңіне жол ашады. Алдымызда мемлекеттік басқаруды жетілдіру, экономиканы жаңа даму моделіне көшіру, цифрлық мемлекетті қалыптастыру, адам капиталын дамыту секілді маңызды міндеттер тұр. Бұл жұмыстарды жүзеге асыру – баршамыздың ортақ жауапкершілігіміз, – деді облыс әкімі.
Асхат Шахаров референдум барысында ақтөбеліктердің жоғары азаматтық белсенділік танытып, жаңа Конституцияны қолдағанын ерекше атап өтіп, өңір тұрғындарына ел болашағына деген жауапкершілігі мен белсенді ұстанымы үшін ризашылығын білдірді.
Отырыс барысында жаңа Конституцияны қабылдауға және оны халық арасында кеңінен насихаттау жұмыстарына қосқан үлесі үшін Ақтөбе облыстық мәслихатының төрағасы Гүлқасима Сүйінтаеваға және Ақтөбе облыстық қоғамдық кеңесінің төрағасы Тәттігүл Талаеваға Мемлекет басшысының атынан арнайы құттықтау хаттары мен жаңа редакциядағы Конституция табысталды.
Жиын соңында облыс әкімі жаңа Конституция тәуелсіз Қазақстанның тұрақты дамуына, азаматтардың әл-ауқатын арттыруға және Әділетті Қазақстанды құруға қызмет ететініне сенім білдіріп, барша тұрғынды тарихи күнмен құттықтады.