Жаңа Конституция – орнықты дамудың институционалдық және құқықтық негізі

Жаңа Конституция – орнықты дамудың институционалдық және құқықтық негізі

 

2026 жылғы 30 маусымда Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты жаңа Конституцияның күшіне енуіне орай «Жаңа Конституция - орнықты дамудың институционалдық және құқықтық негізі» атты ғылыми-практикалық конференция өткізді.

Іс-шараға мемлекеттік органдардың, Парламенттің, сот жүйесінің, адвокатураның, халықаралық ұйымдардың, ғылыми және сарапшылық қауымдастықтың өкілдері, сондай-ақ еліміз бен шетелдің жетекші жоғары оқу орындарының ғалымдары қатысты. Ақтөбе облысының жұртшылығы жиынға онлайн қосылды. Конференцияға жалпы саны 150-ден астам адам жиналған.

Конституциялық Соттың Төрағасы Эльвира Азимова жиынды ашып, 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасы Конституциясының 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енетінін айтты.


«Қазақстан халқының ерік білдіруімен еліміздің конституциялық дамуында жаңа кезеңнің негізі қаланды. Бұл құқықтық жүйені, мемлекеттік басқаруды және адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін одан әрі жетілдірудің стратегиялық бағдарларын айқындады.
Конституцияның қолданысқа енгізілуімен Конституциялық Сот Ата Заңның үстемдігін қамтамасыз етіп, конституциялық құндылықтарды қорғауды одан әрі нығайтады. Бұл Қазақстанның тарихи әрі құқықтық дамуының жаңа кезеңінің бастауын білдіреді», – деді ол.


Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстан Республикасындағы Тұрақты үйлестірушісі Раднарагча Саранго мен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің Бас хатшысы Қайрат Сарыбай құттықтауларын бейнеүндеу арқылы жолдап, елімізде жүзеге асырылған конституциялық реформалардың құқықтық институттарды нығайту мен орнықты дамуды қамтамасыз етудегі маңызын атап өтті.

Бейнеүндеу форматында сөз сөйлеген Түркі мемлекеттері Парламенттік ассамблеясының Бас хатшысы Рамиль Гасан мен Өзбекстан Республикасы Олий Мажлисінің Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Феруза Эшматова да Қазақстандағы конституциялық өзгерістерге өңірлік және халықаралық деңгейде жоғары қызығушылық бар екенін жеткізді.

Пікірталас барысында жаңа Конституцияның құқықтық жүйені жетілдірудегі және конституциялық мемлекеттілікті нығайтудағы рөлі кеңінен талқыланды. Заң алдындағы теңдік, сот төрелігіне қолжетімділік, заңнаманы жетілдіру және қоғамдық келісімді нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар адам құқықтарын қорғаудың өзекті сын-қатерлері, цифрлық құқықтарды дамыту, құқықтық мәдениетті арттыру, құқықтық ақпаратқа қолжетімділікті кеңейту және Қазақстан Республикасы Конституциясына ғылыми комментарий әзірлеу мәселелері сөз болды.

Жиында жетекші қазақстандық ғалымдар, Конституциялық Сот пен Конституциялық комиссияның, жоғары оқу орындары мен сарапшылық институттардың өкілдері баяндама жасады. Сондай-ақ Техас университетінің профессоры Ричард Альберт пен Франция халықаралық қатынастар институтының (IFRI) атқарушы төрағасы Тьерри де Монбриаль бейнебайланыс арқылы сөз сөйлеп, Қазақстандағы конституциялық реформалардың демократиялық институттарды дамытуға, құқық үстемдігін нығайтуға және орнықты дамуды қамтамасыз етуге қосқан үлесіне жоғары баға берді.

Ата Заң мәтінінің барша азаматқа қолжетімді болуын қамтамасыз ету мақсатында Үкіметтің бастамасымен «Инклюзивті қоғам үшін Конституция» жобасы аясында Брайль қарпімен басылған Қазақстан Республикасы Конституциясының таныстырылымы өтті.

Іс-шара аясында Конституциялық Соттың Төрағасы Эльвира Азимова мен «Қазпошта» АҚ Басқарма төрағасы Бекежан Жәкеев Конституцияның күшіне енуіне арналған арнайы пошта маркасын айналымға енгізудің салтанатты рәсіміне қатысты.

Жиын қорытындысында қатысушылар Конституцияның ел дамуының жаңа кезеңіне берік институционалдық әрі құқықтық негіз қалыптастырғанын алға тартты.