Green Capital Kazakhstan жаңа шетелдік инвестицияларды тартпақ

Green Capital Kazakhstan жаңа шетелдік инвестицияларды тартпақ

 

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров FoodVentures және DENSO Group компанияларының басшылығымен кездесу өткізіп, тараптар Green Capital Kazakhstan жоғары технологиялық жылыжай кешенін дамытудың жаңа кезеңін іске асыру мәселесін талқылады.

Келіссөздерге FoodVentures компаниясының бас директоры Дирк Алеван және DENSO Europe B.V. компаниясының директоры, Food Value Chain Business Unit бағытының жетекшісі Тадахиро Охара қатысты.

Кездесу қатысушыларын қарсы алған өңір басшысы Ақтөбе облысы еліміздің жетекші индустриялық-аграрлық өңірлерінің бірі ретіндегі ұстанымын жүйелі түрде нығайтып, инвестиция тартуға қолайлы жағдай жасап отырғанын атап өтті.


«Заманауи технологияларды қолдана отырып, агроөнеркәсіп кешенін дамыту – біздің басым бағыттарымыздың бірі. Green Capital Kazakhstan жобасы халықаралық табысты ынтымақтастықтың жарқын үлгісі. Ол азық-түлік қауіпсіздігін нығайту, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңірдің экспорттық әлеуетін арттыруға ықпал етеді. Біз шетелдік инвесторлардың сенімін жоғары бағалаймыз және жобаны іске асыруға қажетті қолдау көрсетуге дайынбыз», – деді Асхат Шахаров.


Green Capital Kazakhstan жобасы Ақтөбе облысында 2017 жылдан бері голландиялық FoodVentures компаниясы мен Қазақстан-Венгрия тікелей инвестициялар қорының қатысуымен жүзеге асырылып келеді. Бүгінде жалпы аумағы 10 гектарды құрайтын заманауи жылыжайлар пайдалануға берілген. Онда озық голландиялық технологиялар арқылы қызанақ, қияр және жапырақты салат түрлері өсіріледі. Кәсіпорында 170-тен астам тұрақты жұмыс орны ашылған, ал өндірілген өнім ішкі нарықпен қатар экспортқа да жөнелтіледі.

Кездесу барысында инвесторлар жылыжай кешенін одан әрі кеңейту жоспарларын таныстырды. Жобаның екі кезеңі аясында әрқайсысының аумағы 7 гектарды құрайтын жаңа жылыжайлар салу көзделіп отыр. Жалпы инвестиция көлемі 50 миллион еуроға дейін жетуі мүмкін.

Компания өкілдерінің айтуынша, жапондық және нидерландтық технологияларды енгізу жылыжай кешенінің өнімділігін арттыруға, көкөніс өнімдерінің өндіріс көлемін ұлғайтуға, экспорттық жеткізілімдерді кеңейтуге және қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Келіссөздер қорытындысы бойынша қос тарап ынтымақтастықты одан әрі жалғастырып, Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенінде заманауи жылыжай технологияларын енгізудің ең ірі жобаларының біріне айналатын бұл жобаны бірлесіп жүзеге асыруға өзара мүдделілік білдірді.