Ақтөбелік оқушылардың жазғы демалысы қалай өтуде: биыл 178 мыңнан астам бала сауықтыру шараларымен қамтылады

Ақтөбелік оқушылардың жазғы демалысы қалай өтуде: биыл 178 мыңнан астам бала сауықтыру шараларымен қамтылады

 

Ақтөбе облысында балалардың жазғы сауықтыру науқаны қарқынды жалғасуда. Биыл өңірде жазғы демалыстың түрлі форматтарымен 178 095 оқушыны қамту жоспарланған. Бұл балалардың қауіпсіз әрі мазмұнды демалысын ұйымдастыруға бағытталған ауқымды жұмыстардың бірі.
Оқушылардың ең сүйікті демалыс орындарының бірі – «Шұғыла» қала сыртындағы сауықтыру лагері. Биыл мұнда әрқайсысында 290 баладан демалатын жеті ауысым ұйымдастырылып, жаз бойы облыстың түкпір-түкпірінен келген екі мыңнан астам бала тынығады.
Қазіргі таңда лагерьде екі ауысым аяқталды. Бірінші ауысымда Ақтөбе облысы білім басқармасының мемлекеттік тапсырысы аясында 210 баланың демалысы ұйымдастырылды. Алғашқы ауысымда Ойыл және Байғанин аудандарының балалары, екінші ауысымда Әйтеке би ауданының оқушылары демалды. Алдағы ауысымдарда Темір, Алға және Қарғалы аудандарының, сондай-ақ Ақтөбе қаласының оқушылары жазғы тынығуын жалғастырады.
Қала сыртындағы лагерьлермен қатар, облыста балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру үшін түрлі форматтағы сауықтыру және бос уақытты өткізу алаңдары жұмыс істеп тұр. Биыл өңірде 7 сауықтыру орталығы, 699 мектеп жанындағы лагерь және қосымша білім беру ұйымдарының жанындағы 49 жазғы алаң қызмет көрсетеді.
Мектеп жанындағы лагерьлерде 167 471 бала қамтылса, 35 мыңнан астам оқушы туристік және экскурсиялық сапарларға қатысады. Сонымен бірге қосымша білім беру ұйымдарының жанындағы жазғы алаңдарда 25 мыңнан астам бала бос уақытын пайдалы өткізеді.
Облыстық білім басқармасының мәліметінше, әлеуметтік осал санаттағы балалардың жазғы демалысына ерекше көңіл бөлінген. Олар қала сыртындағы және мектеп жанындағы лагерьлерде тегін демалуға мүмкіндік алады.