Президент қолдауы: БАҚ күні «Ақтөбе» газетінің дизайнер-беттеушісі тұрғын үй кілтіне ие болды

Президент қолдауы: БАҚ күні «Ақтөбе» газетінің дизайнер-беттеушісі тұрғын үй кілтіне ие болды

 

Мыңдаған адамның қолына жеткенге дейін газеттің әр санына талай жан маңдай терін төгеді. Сол көрінбейтін, бірақ аса маңызды жұмыстың бір шебері – облыстық қоғамдық-саяси «Ақтөбе» газетінің дизайнер-беттеушісі Шолпан Мұхамбетәлина.

Ол бұл ұжымда 19 жылдан бері еңбек етіп келеді. Газеттің әр бетінің көркем безендірілуі, әр материалдың дұрыс орналасуы – оның күнделікті атқаратын жауапты міндеті.

Шолпан – өз ісіне адал маман. Әріптестері оның еңбекқорлығы мен жауапкершілігін ерекше құрметтейді. Жұмысында ол бірде-бір рет еңбекке жарамсыздық парағын алмаған. Газеттің кезекті саны баспаға жіберілмейінше, орнынан тұрмайды екен. Редакциядан ең соңғы болып шығып, кеңседегі жарықты өшіріп, есікті жауып кететін де көбіне – осы Шолпан.

Өмірдің ауыр жүгін де жалғыз көтеріп келеді. Жалғызбасты ана ұлын тәрбиелеп, негізгі жұмысынан кейін такси қызметін атқарып, адал еңбегімен нәпақасын тауып жүр.

Осындай еңбекқор жанның қуанышы – бүкіл ұжымның қуанышы. Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күнінде облыс әкімі Асхат Шахаров Шолпан Мұхамбетәлинаға баспана кілтін табыстады.

Осындай игі бастаманы жүзеге асырған Мемлекет басшысына жаңа қоныс иесінің алғысы зор.