Облыс әкімі Асхат Шахаров бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады

Облыс әкімі Асхат Шахаров бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады

 

Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шараға өңірлік және республикалық БАҚ басшылары мен өкілдері, журналистика саласының ардагерлері, телерадио компанияларының, баспа басылымдары және ақпараттық порталдардың қызметкерлері қатысты.

Облыс әкімі құттықтау сөзінде бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қоғам өміріндегі айрықша рөліне тоқталып, журналистиканың жай ғана мамандық емес, мемлекет пен қоғам алдындағы зор жауапкершілік екенін алға тартты.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев журналистердің мемлекет пен қоғам арасындағы ашық диалогты дамытудағы айырықша рөлін бірнеше рет атап өтті. Ақтөбе облысының бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері осы жауапты міндетті абыроймен атқарып, өңір тұрғындарын маңызды оқиғалар мен мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы туралы уақытылы әрі объективті ақпаратпен қамтамасыз етіп келеді. Медиа саласының қарқынды дамуы жағдайында кәсібилік, жауапкершілік және шынайы журналистика қағидаттарына адалдықтың маңызы арта түсуде. Сонымен қатар, Президенттің тапсырмасына сәйкес, биыл алғаш рет өңірлерде еңбек ететін журналистерге мемлекет есебінен тұрғын үй беріле бастады. Баршаңызға қажырлы еңбектеріңіз үшін алғыс білдіремін. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, шығармашылық табыс пен кәсіби жетістіктер тілеймін», – деді Асхат Шахаров.

Облыс әкімі өз сөзінде қазіргі медиа саласын дамыту мәселелеріне де тоқталды. Оның айтуынша, ақпарат ағынының күрт артуы мен жалған ақпараттың таралуы жағдайында фактілерді мұқият тексеруге, объективтілікке және жоғары кәсіби этикаға негізделген журналистиканың маңызы бұрынғыдан да арта түсуде.

Іс-шара аясында мемлекеттік наградаларды салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті.

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес, отандық журналистика мен телевизияны дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін «Қазақстан» РТРК» АҚ «Ақтөбе» телеарнасының режиссері Гүлсым Омарқызы «Құрмет» орденімен наградталды. «Ақтөбе медиа» ЖШС «Актюбинский вестник» облыстық газетінің бас редакторы Гүлсім Назарбаева «Ерен еңбегі үшін» медаліне ие болды.

Сондай-ақ бұл күні Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің ведомстволық наградалары табысталды. «Еңбек ардагері» медалімен «Қазақстан» РТРК» АҚ Ақтөбе облыстық филиалының ардагері Дина Жалғансова мен «Актюбинский вестник» облыстық газетінің ардагері Мирал Джармұхамбетов марапатталды.

«Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісі «Қазақстан» РТРК» АҚ Ақтөбе филиалы шығармашылық қызметінің телебағдарламалар редакторы Динара Әбдуалиеваға, «Хабар» агенттігі» АҚ «24KZ» телеарнасының Ақтөбе облысындағы меншікті тілшісі Мансұр Есқожин және «AHASH media» студиясының жетекшісі, «Не жаңалық?» балалар мен жасөспірімдерге арналған YouTube арнасының бас редакторы Әлия Нұрмағамбетоваға табысталды.

Қазақстан Журналистер одағының «Құрметті журналисі» атағы «Ақтөбе» облыстық газетінің редактор орынбасары Жаңагүл Ниязмағанбетоваға берілді. Сонымен қатар өңірдің бірқатар БАҚ өкілдері министрліктің Құрмет грамоталары, Алғыс хаттар және облыс әкімінің сыйлықтарымен марапатталды.

Мерекелік шараның ең маңызды сәттерінің бірі – бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлеріне қызметтік тұрғын үйдің кілттерін табыстау рәсімі болды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, биыл елімізде алғаш рет өңірлерде еңбек ететін журналистерге мемлекет есебінен пәтер беріле бастады. Ақтөбе облысында облыстық қоғамдық-саяси «Ақтөбе» газетінің дизайнер-беттеушісі Шолпан Мұхамбетәлина мен Ақтөбе облыстық телеарнасының эфир режиссері Жанат Есқалиева жаңа қоныс иелері атанды.

Сондай-ақ Асхат Шахаров ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Ертай Ашықбаевты Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен берілген «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағына ие болуымен құттықтады.

Салтанатты іс-шара естелік суретке түсу және журналистер қауымдастығы өкілдерінің, сала ардагерлері мен қонақтардың жылы жүздесуімен аяқталды.

Қазіргі таңда Ақтөбе облысында 53 бұқаралық ақпарат құралы жұмыс істейді. Оның ішінде 44 баспа басылымы, 2 телеарна, 3 интернет-ресурс, 3 радиостанция және 1 кабельдік оператор бар.