
Ауқымды мәдени нысан Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бой көтеріп жатыр және өңірдегі ең ірі театр өнері орталықтарының біріне айналады.
Облыс әкімі Асхат Шахаров құрылыс жұмыстарының барысын барып көрді.
«Бұл – жай ғана жаңа театр ғимараты емес. Біз облыс тұрғындары үшін заманауи мәдени кеңістік қалыптастырып жатырмыз. Мемлекет басшысы мәдениетті дамытуға, рухани құндылықтарды сақтауға және шығармашыл зиялы қауымға қолдау көрсетуге ерекше көңіл бөледі. Жаңа театр өнерсүйер қауымның бас қосатын орнына, әртістеріміздің шығармашылық әлеуетін жүзеге асыратын және ауқымды мәдени іс-шаралар өтетін маңызды алаңға айналады», – деді өңір басшысы.
Драма театры ғимаратының жалпы ауданы 21 мың шаршы метр. Кешен жертөле қабатын қоса есептегенде үш қабатты болады. Оның құрамында үлкен және кіші көрермен залдары, заманауи репетиция бөлмелері, сахналық кеңістіктер мен қызметтік кабинеттер қарастырылған.
Құрылыс учаскесінің бастығы Жарас Түрікпенбаевтың айтуынша, бүгінде нысанда жүзге жуық адам еңбек етуде.
«Құрылыс жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр. Алаңда қажетті барлық техника жұмылдырылған, құрылыс материалдары толық көлемде жеткізілген. Нысан құрылысында негізінен отандық құрылыс материалдары пайдаланылуда. Бұл жұмыстардың сапасын қамтамасыз етіп қана қоймай, қазақстандық өндірушілерді қолдауға мүмкіндік береді», – деді ол.
Театр құрылысы жаңа қоғамдық кеңістікті дамытуға бағытталған ауқымды жобаның бір бөлігі. Театр маңында демалыс орталықтары, саябақ аймағы және спорт нысандары салынып, қала тұрғындары үшін заманауи мәдени-демалыс кластері қалыптастырылады.
Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театрының тарихы 80 жылдан аса уақытты қамтиды. Осы жылдар ішінде театр өңірдегі маңызды мәдени ошақтардың біріне айналды. Жаңа ғимарат шығармашылық ұжымдардың жұмысына қолайлы жағдай жасап, репертуарлық мүмкіндіктерді кеңейтуге және театр қызметінің сапасын арттыруға жол ашады.
Жарас Түркембаевтың айтуынша, жобаны 2027 жылдың үшінші тоқсанында аяқтау жоспарланып отыр. Нысан пайдалануға берілгеннен кейін Ақтөбе тұрғындары мен қала қонақтары заман талабына сай жабдықталған, республикалық және халықаралық деңгейдегі ауқымды мәдени іс-шараларды қабылдай алатын жаңа театрға ие болады.