
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен ақын, журналист Ертай Ашықбаевқа «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді. Жоғары мемлекеттік марапат елордада өткен салтанатты рәсімде бұқаралық ақпарат құралдарының дамуына елеулі үлес қосқан бір топ қаламгерге табысталды.
Мемлекеттік наградаға ие болған жерлесін Ақтөбе халықаралық әуежайында әріптестері, зиялы қауым өкілдері мен өнерсүйер қауым салтанатты түрде қарсы алды.
Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова ізгі тілегін жеткізіп, Ертай Ашықбаевтың өңірдің рухани өміріндегі орны ерекше екенін айтты.
Салтанатты кездесуде №32 гимназияның оқушылары Арман Аңсарқызы мен Ернар Ердосұлы ақынның өлеңдерін нақышына келтіре оқып, көпшілік ықыласына бөленді. Өз кезегінде Ертай Ашықбаев жас оқырмандарына алғысын айтып, ақ батасын берді.
«Бұл марапатты ұзақ жылғы еңбегіме берілген құрмет деп қабылдаймын. Менің бүкіл саналы ғұмырым журналистикамен астасып жатыр. Он жеті жасымнан бастап газетте еңбек еттім. Қаламымды қолымнан тастаған емеспін. Еңбегімді бағалап, сенім білдірген Мемлекет басшысына және қолдау көрсеткен барша азаматқа шынайы ризашылығымды білдіремін», – деді қаламгер.
Ертай Ашықбаев – поэзия мен публицистиканы қатар дамытып, қазақ әдебиеті мен журналистикасында өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған белгілі қаламгер. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері атанған ақынның жаңа мемлекеттік наградасы – оның шығармашылық еңбегіне берілген жоғары баға ғана емес, Ақтөбе өңірінің рухани әлеуетіне көрсетілген құрметтің де айқын көрінісі.