Әйтеке би ауданындағы Ақтасты ауылына табиғи газ берілді

Әйтеке би ауданындағы Ақтасты ауылына табиғи газ берілді

 

Әйтеке би ауданының шалғайдағы Ақтасты ауылына табиғи газ берілді. Аудан орталығынан 100 шақырым қашықтықта орналасқан елді мекен үшін бұл – тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған маңызды инфрақұрылымдық жоба.

Бүгінде Ақтасты ауылында 50 отбасы, 264 тұрғын тұрады. Бұған дейін ауыл халқы қыс мезгілінде негізінен көмір мен қи жағып келген. Отынның қымбаттауы, оны тасымалдау мен сақтау тұрғындарға едәуір қиындық туғызатын. Енді табиғи газдың іске қосылуы осы мәселелерді шешіп, ауыл тұрғындарының тұрмысын жеңілдетуге мүмкіндік берді.

Табиғи газ желісінің іске қосылуына арналған салтанатты рәсімге аудан әкімі Д.Тоғызбаев қатысып, ауыл тұрғындарын айтулы оқиғамен құттықтады.

«Ауылдарды дамыту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Ақтасты ауылының табиғи газға қосылуы – тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстардың нақты нәтижесі. Осындай жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырыла береді», – деді аудан әкімі.

Салтанатты шара барысында ауыл ақсақалдары ақ батасын беріп, аналар шашу шашып, көпшіліктің қуанышына ортақтасты.

Айта кетейік, өткен апта облыс әкімі Асхат Шахаров Ақтасты ауылында болып, мемлекеттік бағдарламалар аясында жүзеге асырылған бірқатар жұмысты көрді. Мұнда жаңа өрт сөндіру бекеті пайдалануға берілді. Сонымен қатар білім беру, ауыл шаруашылығы және әлеуметтік салаларды дамыту бойынша да жүйелі жұмыстар жалғасуда.

Ақтасты ауылының табиғи газға қосылуы – тұрғындардың тұрмысын жақсартып қана қоймай, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін беретін маңызды қадам.