
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасы аясында Ақтөбе облысында өскелең ұрпақтың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға және табиғатқа жанашырлықпен қарауға бағытталған «Мектеп орманшылығы» жобасы жүзеге асырылуда.
Бүгін Ақтөбе қаласындағы №50 және №55 мектептердің оқушылары бұрын көгалдандырылған аумақтарға қайта шығып, егілген ағаштарға күтім жасау жұмыстарын жалғастырды. Жас орманшылар жас көшеттерді суарып, түптерін қопсытып, жасыл аймақтарды абаттандыру жұмыстарына белсенді қатысты.
«Мектеп орманшылығы» жобасы – бұл тек ағаш отырғызу ғана емес, сонымен қатар экологиялық жауапкершілікті, туған жерге деген сүйіспеншілікті және қоршаған ортаға қамқорлықты тәрбиелеуге бағытталған жүйелі жұмыс. Оқушылардың белсенді қатысуының арқасында өңірде жасыл желек алқаптары ұлғайып, жастардың экологиялық санасы қалыптасуда.
Жоба аясындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, жас орманшылар Ақтөбе облысын көгалдандыру мен абаттандыруға өз үлестерін қоса береді.