Алғада бассейні бар дене шынықтыру-сауықтыру кешені бой көтерді

Алғада бассейні бар дене шынықтыру-сауықтыру кешені бой көтерді

 

Өңір басшысы Асхат Шахаров жуырда пайдалануға берілетін заманауи спорт кешенін аралап көрді. Бұл нысан аудан тұрғындары үшін жақын күндері есігін айқара ашып, бұқаралық спорттың дамуына тың серпін бермек.

Алға қаласындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені аудандағы соңғы жылдардағы ең ірі әлеуметтік жобалардың бірі саналады. Жалпы аумағы 2 757 шаршы метрді құрайтын кешен облыстық бюджет қаражаты есебінен салынды. Жобаның жалпы құны – 1,4 млрд теңге.

Спорт кешені бір мезетте 150 адамды қабылдауға қауқарлы. Мұнда әмбебап спорт залы, футбол алаңы және ұзындығы 25 метрлік жүзу бассейні жабдықталған.

Асхат Шахаров жаттықтырушылар, спорт ардагерлері және аудан тұрғындарымен кездесті.

«Ауданда балалар саны артып келеді. Сондықтан олардың спортпен шұғылданып, денсаулығын нығайтуына және жоғары жетістіктерге жетуіне қолайлы жағдай жасау – біздің басты міндетіміз. Осы кешеннен болашақ чемпиондар түлеп ұшады деп сенеміз», – деді облыс әкімі.

Алға бокс мектебінің негізін қалаушы, бокстан КСРО спорт шебері Александр Лыпенко өңір басшысымен әңгіме барысында соңғы жылдары Алға тұрғындары үшін салауатты өмір салтын ұстануға барлық жағдай жасалып жатқанын сөз етті.

«Соңғы жылдары Алғада көптеген спорт алаңдары бой көтерді. Бүгінде онда тек балалар мен жастар ғана емес, аға буын өкілдері де тұрақты түрде спортпен айналысады. Саябақтар мен гүлзарларда жүгіру, серуендеу және ашық аспанда дене шынықтырумен шұғылдануға қолайлы жағдай жасалған. Енді міне, бассейні мен кең спорт залдары бар заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешені де пайдалануға берілгелі отыр. Бұл – аудан тұрғындары үшін үлкен қуаныш. Ең бастысы, балалар мен жастар спортпен белсенді айналысып, дені сау, мақсаты айқын азамат болып өссе екен. Өйткені денсаулық – адам үшін ең қымбат байлық», – деді спорт ардагері.

Асхат Шахаров өз сөзінде спорт инфрақұрылымын дамыту халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты екенін атап өтті.

«Бүгінде біз қалаларда ғана емес, ауылдық елді мекендерде де спортпен айналысуға қолайлы жағдай жасап келеміз. Жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені балалар, жастар және аудан тұрғындарының бас қосатын орталығына айналады. Мұнда спорттың түрлі түрімен айналысуға, жарыстар мен бұқаралық іс-шаралар өткізуге мүмкіндік бар. Ең бастысы – бұл нысан халық игілігіне қызмет етіп, тұрғындардың денсаулығын нығайтуға өз үлесін қосуы тиіс», – деді облыс әкімі.

Алға ауданының әкімі Асланбек Шүйіншалиевтің айтуынша, дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы толық аяқталған. Қазіргі таңда пайдалануға беру үшін қажетті құжаттарды рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде. Нысан іске қосылғаннан кейін Алға ауданында бұқаралық спортты дамытуға және жас спортшыларды даярлауға кең мүмкіндік ашылады.