
Облыс әкімі Асхат Шахаров Тамды ауылдық округінің аумағында республикалық маңызы бар «Ақтөбе – Астрахань» автожолы бойында салынып жатқан «Zaman» кемпингінің құрылыс барысымен танысты.
Жоба туралы өңір басшысына кемпингтің иесі Заманбек Үмбетырһа баяндады. Кемпинг құрылысы 2024 жылы басталған. Кәсіпкер жобаны жүзеге асыруға 450 млн теңге көлемінде жеке қаражат жұмсапты.
«Өтеғұл» шаруа қожалығына қарасты кемпинг республикалық автожол бойындағы 15 мың шаршы метр жер телімінде орналасқан. Нысан осы бағытта қатынайтын жүргізушілерге, жолаушыларға және туристерге қызмет көрсетеді.
Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары аяқталу сатысында. Кемпингті биылғы шілде айында пайдалануға беру жоспарланып отыр. Нысан іске қосылғаннан кейін Тамды ауылдық округінің тұрғындары үшін 15 жаңа жұмыс орны ашылады.
«Жол бойындағы инфрақұрылымды дамыту – саяхатшыларға қолайлы жағдай жасаумен қатар, аудан экономикасы үшін де аса маңызды. Мұндай жобалар жаңа жұмыс орындарын ашуға, шағын бизнестің дамуына және автожол бойындағы қызмет көрсету сапасының артуына ықпал етеді. Әсіресе кәсіпкерлердің ауылдық аумақтарды дамытуға өз қаражатын инвестициялап отырғаны қуантады», – деді облыс әкімі.
Асхат Шахаров мұндай жобалар өңірдің туристік әлеуетін арттырып, Алға ауданының инвестициялық тартымдылығын күшейтуге ықпал ететінін тілге тиек етті.