Алғада тротуар плиталарын шығаратын жаңа цех ашылды

Алғада тротуар плиталарын шығаратын жаңа цех ашылды

 

Жаңа өндіріс орны биылғы мамыр айында пайдалануға берілген.

Цех иесі Бауыржан Жанғалиевтің айтуынша, жобаға 115 млн теңге инвестиция салынған. Екі ай ішінде өндіріс тұрақты жұмыс ырғағына көшіп, өнім көлемін кезең-кезеңімен арттырып келеді.

Цехтың өндірістік қуаты жылына 300 мың данаға дейін дайын өнім шығаруға мүмкіндік береді. Мұнда елді мекендерді абаттандыруда, тұрғын үй кешендері мен әлеуметтік нысандардың құрылысында қолданылатын тротуар плиталары мен кеспетастар (брусчатка) өндіріледі. Дайын өнім Алға ауданы мен Ақтөбе қаласындағы құрылыс алаңдарына жеткізіледі.

Кәсіпорынға барған облыс әкімі Асхат Шахаров өндірістің технологиялық үдерісімен танысып, өндірістік алаңдарды аралап көрді және аудан кәсіпкерлерімен кездесті.

Өңір басшысы өңдеуші өнеркәсіпті дамыту мен жергілікті кәсіпкерлікті қолдау өңір экономикасының өсуіне ықпал ететін маңызды факторлар екенін атап өтті.

«Мұндай жобалар жергілікті өндірісті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және салық базасын кеңейтуге мүмкіндік береді. Ең бастысы – кәсіпкерлердің нақты экономика секторына инвестиция салып, құрылыс саласын отандық сапалы өніммен қамтамасыз етуі. Мемлекет тарапынан бизнесті қолдау және өңірге инвестиция тарту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады», – деді Асхат Шахаров.

Кездесу барысында облыс әкіміне алдағы екі жыл ішінде Алға ауданында жүзеге асырылатын инвестициялық жобалар таныстырылды. Өңдеуші өнеркәсіп саласында цемент және кірпіш зауыттарын салу, ауыл шаруашылығында «Agro Product Development» ЖШС ет комбинатын, күнбағыс майын өндіретін цехты және ауылдық елді мекендерде бірнеше мал бордақылау алаңын іске қосу жоспарланып отыр.

Алға ауданының әкімі Асланбек Шүйіншалиевтің айтуынша, бұл жобаларды жүзеге асыру инвестиция көлемін арттырып, жаңа жұмыс орындарын құруға және аудан экономикасының дамуына қосымша серпін береді.