
Алға ауданына жұмыс сапарында облыс әкімі республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында салынған «Тәуелсіздік» жаңа скверін аралап көрді. Бүгінде абаттандырылған қоғамдық кеңістік қала тұрғындарының сүйікті демалыс орындарының біріне айналған.
Аумағы 0,5 гектарды құрайтын скверде тастөсеніш (брусчатка) төселіп, биіктігі 35 метрлік Ту тұғыры орнатылған. Сонымен қатар жарықтандыру жүйесі жүргізіліп, аумақ көгалдандырылып, гүлзарлар отырғызылған. Демеушілердің қолдауымен мұнда қосымша 50 түп қарағай егілді. Уақыт өте келе олар қаланың жасыл келбетін толықтыра түспек.
Мұнда өңір басшысы «Жасыл ел» еңбек жасағының сарбаздарымен кездесті. Асхат Шахаров жастарға туған өлкені көркейтуге қосып жүрген үлестері үшін алғыс айтып, қоршаған ортаға ұқыпты қараудың маңызын атап өтті.
«Тазалық әр адамның өз үйіне, өз көшесіне, өз қаласына деген құрметінен басталады. Осындай бастамалардың арқасында елді мекендердің келбеті жаңарып, жаңа қоғамдық кеңістіктер пайда болады. Бұл іске жастардың белсенді қатысып, өз еңбегінің нәтижесін бағалай білуі өте маңызды», – деді облыс әкімі.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар туралы Алға ауданы әкімінің орынбасары Талғат Сұлтанов баяндады. Оның айтуынша, биыл ауданда 22 сенбілік ұйымдастырылып, 825 тонна қоқыс шығарылған. 113 аула мен 75 әлеуметтік нысанның аумағы тазартылып, абаттандырылды. Сондай-ақ 10 саябақ пен сквер көркейтіліп, 7 мың ағаш көшеті отырғызылды және жалпы аумағы 25 гектарды құрайтын жасыл аймақтар құрылды. Экологиялық акцияларға ауданның 13 мыңға жуық тұрғыны қатысты.
Алға ауданының Құрметті азаматы Сағынғали Қариев жаңа сквер өзінің сүйікті серуендеу орындарының біріне айналғанын айтты.
«Мен бұл жерге жиі келіп демаламын. Мұнда әдемі, таза әрі жайлы. Тыныш отырып кітап оқуға да, жерлестермен әңгімелесуге де қолайлы. Осындай демалыс орындары халыққа өте қажет», – деді ақсақал.
Асхат Шахаров елді мекендерді абаттандыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатынын алға тартты. Оның айтуынша, жайлы қалалық орта қалыптастыру, көгалдандыру және тазалықты сақтау – тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырып, елді мекендердің заманауи келбетін айқындайтын маңызды бағыттардың бірі.