Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Әзірбайжан Республикасының делегациясымен кездесті

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Әзірбайжан Республикасының делегациясымен кездесті

 

Ақтөбеде облыс әкімі Асхат Шахаров Әзірбайжан Республикасының делегациясымен кездесу өткізді. Делегацияны Әзербайжан Республикасының Ақтау қаласындағы Бас консулы Айхан Фирудиноғлы Сулейманлы бастап келді.

Кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық, агроөнеркәсіптік, туристік және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.

Өз сөзінде облыс әкімі Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы тарихи тамыры терең достық қарым-қатынастардың бүгінде стратегиялық әріптестік деңгейінде қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

Бүгінде Ақтөбе облысы мен Әзірбайжан арасындағы сауда байланыстарының оң динамикасы қалыптасқан. 2026 жылдың қаңтар-сәуір айларында екіжақты тауар айналымы 280,9 мың АҚШ долларын құрады. Өңірге негізінен жоғары сұранысқа ие жеміс-жидек пен көкөніс өнімдері импортталады.

Бүгінде Ақтөбе қаласында әзірбайжандық капиталдың қатысуымен 12 кәсіпорын жұмыс істейді. Облыс бірлескен кәсіпорындар санын арттыруға және жаңа инвестициялық жобаларды іске асыруға әзір екенін жеткізді.

Тараптар ауыл шаруашылығы саласындағы тәжірибе алмасу мәселелеріне де баса назар аударды. Ақтөбе облысында әзірбайжандық заманауи агротехнологияларды енгізу, суармалы егіншілікті дамыту, агропарктер мен қайта өңдеу кәсіпорындарын құру бағытындағы жетістіктері айтылды.

Сонымен қатар туризм саласындағы әріптестікті кеңейту, туристік бағыттарды ілгерілету, қонақүй бизнесін дамыту және мәдени мұраны сақтау мәселелері талқыланды.

Әзірбайжан делегациясына Ақтөбе облысының инвестициялық әлеуеті таныстырылды. Өңірдің тау-кен металлургиясы, мұнай-газ химиясы, құрылыс индустриясы, ауыл шаруашылығы, өнімдерді қайта өңдеу және логистика салаларындағы мүмкіндіктері атап өтілді.

Кездесу қорытындысында тараптар сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі кеңейтуге, кәсіпкерлер арасындағы ынтымақтастықты дамытуға және жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық білдірді.