Асхат Шахаров: Бюджет қаражаты халық үшін маңызды жобаларға бағытталады

Асхат Шахаров: Бюджет қаражаты халық үшін маңызды жобаларға бағытталады

 

Облыстық мәслихаттың кезекті жиырма бесінші сессиясында депутаттар 2025 жылға арналған облыстық бюджеттің атқарылуы, биылғы жылдың бюджетіне өзгерістер енгізу, сондай-ақ «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениет тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі өңірлік жоспарға түзетулер енгізу мәселелерін қарады.

Сессия жұмысына облыс әкімі Асхат Шахаров қатысты.

Отырыста аймақ басшысы елімізде бюджет саласында жүргізіліп жатқан реформалар өңірлердің дербестігін кеңейтуге және мемлекеттік қаражатты пайдалану тиімділігін арттыруға бағытталғанын атап өтті. Оның сөзінше, бүгінде жергілікті деңгейге көбірек өкілеттік пен жауапкершілік беріліп жатыр. Бұл аумақтарды дамыту мәселелерін жедел шешуге және халықтың нақты қажеттіліктерін ескеруге мүмкіндік береді.

Асхат Шахаров депутаттардың тұрғындармен тұрақты кездесіп, аудандарға барып жүргендіктен, өңірдегі өзекті мәселелерді жақсы білетінін айтты. Сәйкесінше, бюджет қаражатын бөлу кезінде инфрақұрылымды дамыту, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту және экономиканы қолдауға қатысты ең маңызды мәселелерге басымдық берілетінін жеткізді.

Облыс әкімі экономикалық даму мәселелеріне тоқталды. Оның айтуынша, инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын құру және салық базасын кеңейту негізгі міндеттердің бірі болып қала береді.

«Біз әр ай сайын инвесторлармен кездесеміз. Облысқа ірі жобалар мен қомақты инвестициялар келіп жатыр. Маңызды бағыттардың бірі – өнімді терең өңдеу. Бұл Мемлекет басшысының тапсырмаларына толық сәйкес келеді. Біздің міндетіміз – бизнестің дамуына, салық базасының ұлғаюына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына жағдай жасау», – деді өңір басшысы.

2025 жылғы бюджеттің орындалу қорытындылары туралы депутаттарға Тексеру комиссиясының төрағасы Қанат Кенжин мен қаржы басқармасының басшысы Ерік Тұрсынғалиев баяндады.

Басқарма басшысының айтуынша, 2025 жылы облыстық бюджетке 551,2 млрд теңге түсіп, жоспар 100,1 пайызға орындалды. Облыстың меншікті кірістері 113,2 млрд теңгеге жетіп, жоспар 7,8 млрд теңгеге артық орындалды.

Даму бюджеті аясында жалпы құны 137 млрд теңгені құрайтын 453 инвестициялық жоба іске асырылды. Мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру жалғасты. Атап айтқанда, «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 1,8 млрд теңгеге 220 жоба, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында 24 ауылдық елді мекенде 11,1 млрд теңгеге 44 жоба қаржыландырылды. «Дипломмен – ауылға!» жобасымен 119 маман тұрғын үй сатып алу және салу үшін бюджеттік несие алды. Сонымен қатар, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында сегіз мектептің құрылысына 24,6 млрд теңге бөлінді.

Соңғы үш жылда салық берешегі 11,1 млрд теңгеге дейін қысқарды.

Талдау қорытындысы бойынша Тексеру комиссиясы стратегиялық және бюджеттік жоспарлаудың өзара байланысын күшейтуді, сондай-ақ мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру кезінде бюджет заңнамасының сақталуын қамтамасыз етуді ұсынды.

Бюджетті нақтылау жобасы туралы депутаттарға экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Нұржан Мақсатов баяндады.

Ұсынылған жобаға сәйкес қосымша 5,3 млрд теңгені бөлу жоспарланып отыр. Қаражаттың басым бөлігі әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға бағытталады.

Атап айтқанда, Ақтөбе қаласында 150 орындық мүгедектігі бар адамдарға арналған оңалту орталығының құрылысын аяқтауға, сондай-ақ 5 мың орындық әмбебап спорт кешенінің құрылысын бастауға 1 млрд теңге бөлінеді.

Коммуналдық инфрақұрылымды, жол шаруашылығын, денсаулық сақтауды, мәдениетті, цифрландыруды дамыту және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жобалары да қосымша қаржыландырылады.

Атап айтқанда, Қарғалы ауданындағы Степное ауылына кіреберіс жолды күрделі жөндеуге, теміржол вокзалдары аумақтарын абаттандыру жобаларын әзірлеуге, денсаулық сақтау жүйесін цифрландыруға, Степное ауылдық клубын күрделі жөндеуге, сондай-ақ полиция және төтенше жағдайлар қызметтерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға қаражат бөлінеді.

Сонымен қатар энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба аясында облыста 10,9 млрд теңге сомасына жөндеу жұмыстары жоспарланған.

Талқылау қорытындысы бойынша депутаттар ұсынылған жобаларды қолдап, ауылдық аумақтарды дамыту, инвестиция тарту, инфрақұрылымды жаңғырту және халықтың әлеуметтік мәселелерін шешу бағытындағы жұмысты одан әрі күшейту қажеттігін тілге тиек етті.