
Өңірде Мемлекет басшысының жер ресурстарын тиімді пайдалану, пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару және оларды қайта айналымға енгізу жөніндегі тапсырмасын орындау аясында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Өткен 3 жылда облыста 1 млн 256 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл туралы Ақтөбе облысы жер қатынастары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әділбек Қабидуллин мәлімдеді. Спикердің айтуынша, қайтарылған жер учаскелері толығымен қайтадан ауыл шаруашылығы айналымына енгізілді.
"Қайтарылған жерлердің бір бөлігі ауыл шаруашылығы өндірісіне берілсе, тағы бір бөлігі елді мекендердің жайылымдық қорын кеңейту мақсатында резервке қойылады. Биыл 30 мың гектар жерді қайта айналымға енгізу және 40 мың гектар жерді жайылымдық қор ретінде резервтеу жоспарланған. Бұл шаралар ауылдық жерлердегі жайылым тапшылығын азайтуға мүмкіндік беріп отыр. Мәселен, 2024 жылы кейбір аудандарда жайылым жетіспеушілігі 97 мың гектарды құраса, қазіргі таңда бұл көрсеткіш 18,9 мың гектарға дейін төмендеген. Яғни тапшылық деңгейі 80,5 пайызға азайған" - деді Әділбек Қабидуллин.
2026 жылы 80 мың гектар жерді қайтару жоспарланған. Қазіргі уақытта 105 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылып, жоспардың орындалуы 131 пайызды құрады.