
Осыған орай Өнер орталығында салтанатты іс-шара ұйымдастырылды.
Мерекелік рәсімге ішкі істер органдарының ардагерлері, полиция қызметкерлері, мемлекеттік органдардың өкілдері және жұртшылық қатысты.
Іс-шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын салтанатты түрде алып кіруден және Мемлекеттік Әнұранды орындаудан басталды. Одан кейін Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің құттықтау жеделхаты оқылды.
Құқық қорғау органдары қызметкерлерін кәсіби мерекесімен облыс әкімі Асхат Шахаров құттықтады. Өңір басшысы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде, азаматтардың құқықтарын қорғауда және мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі саналатын «Заң және тәртіп» қағидатын нығайтуда полицияның зор рөл атқаратынын сөз етті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мемлекеттің тұрақтылығы мен қоғамның бірлігін сақтау – баршамызға ортақ міндет екенін атап өтті. Осы міндетті жүзеге асыруда полиция қызметкерлеріне ерекше жауапкершілік жүктеледі. Сіздер күн сайын заң мен тәртіптің сақталуын қамтамасыз етіп, өңір тұрғындарының қауіпсіздігін күзетіп, азаматтардың құқықтарын қорғайсыздар және қылмысқа қарсы ымырасыз күрес жүргізесіздер. Сіздердің кәсібиліктеріңіз, жауапкершіліктеріңіз бен қызметтік борышқа адалдықтарыңыздың арқасында облыста қоғамдық-саяси тұрақтылық сақталып, қылмыс деңгейі төмендеуде», – деп облыс әкімі полицейлерге алғыс білдірді.
Асхат Шахаров биылғы жылдың статистикалық көрсеткіштеріне тоқталып, қылмыс деңгейі 8,2 пайызға төмендегенін айтты. Оның айтуынша, өңірде ішкі істер органдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға көңіл бөлінуде.
Салтанатты рәсім барысында облыс әкімі қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге елеулі үлес қосқан ішкі істер органдарының 11 қызметкеріне алғыс хат табыстады. Сонымен қатар Қандыағаш станциясындағы Желілік полиция бөлімінің 5 қызметкері мен құқыққорғау органдарының 4 ардагері облыс әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды.
Іс-шара мерекелік концерттік бағдарламамен аяқталды.