
Ақтөбе облысындағы балалардың сүйікті демалыс орындарының бірі «CAMPIT» қала сыртындағы лагеріне - 25 жыл. Ширек ғасыр бойы мыңдаған балаға жарқын әсер сыйлап келе жатқан лагерь биыл да жазғы маусымда оқушылар үшін қауіпсіз әрі мазмұнды демалыс ұйымдастыруда.
Мерейтойлық маусым аясында лагерьде алты ауысым өткізу жоспарланған. Әр ауысымда 250 бала демалады. Оның ішінде 120 оқушы Ақтөбе облысы білім басқармасының мемлекеттік тапсырысы негізінде жолдама алып, жазғы демалысын өткізіп жатыр.
Бүгінде «Кәмпит» лагері тек демалыс орны ғана емес, балалардың шығармашылық, зияткерлік және спорттық қабілеттерін дамытуға бағытталған заманауи білім беру алаңына айналды. Лагерь бағдарламасына робототехника, цифрлық технологиялар, мобилография және түрлі шығармашылық бағыттар енгізілген.
Балалардың жан-жақты дамуына жағдай жасау мақсатында арнайы мамандар шеберлік сабақтарын өткізеді. Атырау қаласынан келген мамандар балаларды қоян-қолтық ұрыстың бастапқы әдістерімен таныстырып, олардың физикалық дайындығы мен өзіне деген сенімділігін арттыруға ықпал етеді.
Сонымен қатар лагерь аумағында арт-студия мен актерлік шеберлік студиясы жұмыс істейді. Мұнда балалар шығармашылық қабілеттерін шыңдап, сахна мәдениетін меңгереді, көпшілік алдында еркін сөйлеу дағдыларын дамытады.
Лагерьдегі қауіпсіздік мәселесіне де ерекше назар аударылған. Медициналық кабинет тәулік бойы жұмыс істеп, балалардың денсаулығын тұрақты бақылауда ұстайды. Демалушыларға барлық санитарлық талаптарға сай бес мезгіл теңгерімді тамақтану ұсынылады.
Спорттық жарыстар, танымдық ойындар мен мәдени іс-шаралар балалардың жазғы демалысын қызықты әрі пайдалы өткізуіне мүмкіндік береді. Осылайша, 25 жылдық тарихы бар «Кәмпит» лагері дәстүр мен жаңашылдықты ұштастыра отырып, жас ұрпақтың сапалы демалысы мен дамуына үлес қосуды жалғастырып келеді.