Ақтөбеде «Таза Қазақстан» бағдарламасын іске асыру және өңірдің санитарлық жағдайы талқыланды

Ақтөбеде «Таза Қазақстан» бағдарламасын іске асыру және өңірдің санитарлық жағдайы талқыланды

 

Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасының іске асырылуы, сондай-ақ облыс аудандары мен Ақтөбе қаласындағы санитарлық тазалық пен абаттандыру мәселелері қаралды.

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Исатай Еспағанбетовтің айтуынша, Ақтөбе облысында экологияны басқарудың неғұрлым технологиялық әрі жүйелі моделіне көшу жұмыстары жалғасуда.

Ауаның сапасын бақылау мақсатында өңірде төрт автоматтандырылған бақылау станциясын орнату жоспарланған. Олар Алтын Орда және Есет батыр тұрғын алаптарында, сондай-ақ Шалқар ауданының Біршоғыр ауылында орналастырылады. Бұл станциялар атмосфералық ауаның жай-күйін нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді.

Ақтөбе қаласының айналасында 15 гектар аумақты қамтитын жасыл белдеу, ал аудан орталықтарының маңында 10 гектардан жасыл аймақтар құрылады. Көгалдандыру жұмыстары 1 қарашаға дейін жалғасады. Биыл көктемде облыс бойынша жалпы саны 46,7 мың көшет отырғызылды.

Исатай Еспағанбетов республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында құрылған @TazaQazBot Telegram-ботының жұмысына да тоқталды. Бұл сервис тұрғындарға заңсыз қоқыс үйінділері, абаттандыру мәселелері, аумақтардың ластануы және басқа да экологиялық проблемалар туралы жедел хабарлауға мүмкіндік береді.

«Таза Қазақстан» чат-боты арқылы өңір тұрғындарынан өтініштер тұрақты түрде келіп түседі. Барлық өтінім тұрақты бақылауда болады және әрбір өтініш бойынша тиісті шаралар қабылданады. Бұл құрал мәселелерге жедел әрекет етуге және халықпен тиімді кері байланыс орнатуға мүмкіндік береді», – деді баяндамашы.

Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет қалада көшелер мен қоғамдық кеңістіктерді кешенді тазалау жұмыстары тұрақты түрде жүргізілетінін айтты. Оның ішінде тротуарлар, аялдамалар, саябақтар мен гүлзарларды механикаландырылған тәсілмен тазалау, ірі көлемді және заңсыз төгілген қоқыстарды шығару жұмыстары бар.

Бұл жұмыстарға 88 бірлік арнайы техника мен коммуналдық қызметтердің 345 қызметкері тартылған. Қаланың санитарлық жағдайын қамтамасыз ету 16 учаске бойынша мердігер ұйымдарға бекітілген.

Автомобиль жолдарын жазғы күтіп ұстау жұмыстары 711 көшеде және 54 тұрғын алапта жүргізілуде. Тазалық жұмыстарына 200-ден астам қызметкер мен 100-ден астам арнайы техника жұмылдырылған. Барлық техника GPS-трекерлермен жабдықталған, бұл орындалған жұмыстардың сапасы мен көлемін бақылауға мүмкіндік береді.

Жаңа келісімшарттар аясында қаланың санитарлық жағдайын қамтамасыз ету және жол желісіне қызмет көрсету жұмыстарын 2026 жылдың ортасына дейін жүзеге асыратын мердігер ұйымдар анықталды. Олардың міндетіне тазалау, суару, сыпыру, жол жабындарын тегістеу және жол жиектерін күтіп ұстау кіреді.

Азамат Бекеттің айтуынша, енгізілген GPS-бақылау жүйесі арнайы техниканың жұмысын нақты уақыт режимінде қадағалауға мүмкіндік беріп, атқарылатын жұмыстардың ашықтығы мен сапасын арттырады.

Баяндамашыларды тыңдаған облыс әкімі Асхат Шахаров санитарлық тазалық жұмыстарын күшейтуді, заңсыз қоқыс үйінділерін жоюды жеделдетуді, цифрлық мониторинг құралдарын дамытуды және экологиялық іс-шаралардың тиімділігін арттыруды тапсырды.

Асхат Шахаров «Таза Қазақстан» бағдарламасын іске асыру бірреттік акция деңгейінде қалмай, жүйелі жұмысқа айналуы тиіс екенін атап өтті.

«Экологиялық жұмыстар бүгінде заманауи цифрлық шешімдер мен тұрақты бақылауға негізделуі қажет. Ауаны мониторингтеу жүйелерін енгізуді жеделдету, заңсыз қоқыс үйінділерін жою жұмыстарын күшейту және қатты тұрмыстық қалдықтарды шығарудың ашық есебін қамтамасыз ету керек. Елді мекендерді көгалдандыруға және жоспарланған барлық іс-шаралардың белгіленген мерзімде орындалуына ерекше назар аударылуы тиіс. Сондай-ақ тұрғындардың өтініштеріне жедел жауап беру үшін «Таза Қазақстан» чат-ботының мүмкіндіктерін белсенді пайдалану маңызды. Мемлекет, бизнес және халықтың ортақ жауапкершілігі арқылы ғана өмір сүруге қолайлы әрі таза ортаны қамтамасыз ете аламыз», – деп атап өтті өңір басшысы.

Жиын қорытындысында «Таза Қазақстан» бағдарламасын іске асыру экологиялық жағдайды жақсартуға және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған өңірлік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі болып қала береді.