Ақтөбеліктер Әкелер күнін атап өтті

Ақтөбеліктер Әкелер күнін атап өтті

 

Қазақстанда Әкелер күні 2023 жылдан бері маусым айының үшінші жексенбісінде аталып өтеді. Мерекенің мақсаты – әкенің отбасы мен қоғамдағы рөлін арттыру, отбасылық құндылықтарды нығайту және жауапты әкелікті насихаттау.

Өнер орталығында облыстық әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мен ішкі саясат басқармасының қолдауымен ұйымдастырылған «Менің әкем – менің тірегім» атты салтанатты шара өтті.

Іс-шараға мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, мәслихат депутаттары, білім, денсаулық сақтау, спорт және бизнес саласының мамандары, сондай-ақ облыстың 12 ауданынан келген әкелер отбасыларымен бірге қатысты.

Облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов қатысушыларды мерекемен құттықтап, жас ұрпақты тәрбиелеудегі әкенің маңызын атап өтті.

«Бүгінде әке – отбасының тірегі ғана емес, балалар үшін үлгі, олардың өмірлік бағдарын қалыптастыратын тұлға. Осындай шаралар әкелік жауапкершілік пен отбасылық құндылықтардың маңызын тағы бір еске салады», – деді ол.

Қонақтарға тақырыптық бейнеролик көрсетіліп, отбасы мен ата-анаға арналған әндер орындалды.

Кездесу барысында спикерлер қазіргі қоғамдағы әкенің рөлі, бала тәрбиесі, денсаулықты сақтау және заманауи технологиялардың жастарға әсері туралы пікір алмасты. Олардың қатарында «Қазақстанның Еңбек Ері» Аманғос Төлеуов, тарих ғылымдарының докторы Рахым Бекназаров, Димаш Құдайбергеннің әкесі Қанат Айтбаев және басқа да белгілі тұлғалар болды.

Шараның басты оқиғасы өңірде алғаш рет ұйымдастырылған «Жыл әкесі – 2026» байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі болды. Байқауға 200-ден астам өтінім түсіп, финалға тоғыз отбасы жолдама алды.

«Қазақстанның әкелері» республикалық әкелер қауымдастығы» РҚБ төрағасы Аманғос Құловтың айтуынша, байқауға түрлі мамандық иелері қатысып, олардың кәсіби жетістіктерімен қатар бала тәрбиесіндегі белсенділігі мен отбасылық дәстүрлерді сақтауы басты назарға алынды.

Байқау қорытындысы бойынша Темір ауданының Қопа ауылынан Досан Байдышев бірінші орын иеленді. Ал бас жүлде мен «Жыл әкесі – 2026» атағы Темір ауданының Алтықарасу ауылынан шыққан, алты бала тәрбиелеп отырған Ержан Тілеумағанбетовке берілді.

Іс-шара қоғамның дамуына және отбасы институтын нығайтуға үлес қосқан әкелерді марапаттау рәсімімен аяқталды. Оларға облыс әкімінің Алғыс хаттары табысталды.