Ақтөбеде ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері жыл соңына дейін әр сенбі сайын өтеді

Ақтөбеде ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері жыл соңына дейін әр сенбі сайын өтеді

 

Ақтөбеде ауыл шаруашылығы өнімдерінің дәстүрлі жәрмеңкесі өтіп, қала тұрғындарына жергілікті өндірушілердің сапалы өнімдерін төмен бағамен сатып алуға мүмкіндік берілді.

Бұл жолы жәрмеңкеге Ырғыз, Мәртөк және Шалқар аудандарынан келген ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қатысып, өз өнімдерін «Табыс» коммуналдық базарында ұсынды. Нәтижесінде тұрғындарға жалпы көлемі 3,6 тонна ет өнімі мен 1,4 тоннадан астам сүт өнімдері сатылды.

Жәрмеңкеде ұсынылған тауарлар нарықтағы бағадан 15–20 пайызға арзан болды. Сонымен қатар сөрелерге ет және сүт өнімдерімен бірге «Ауыл аманаты» жобасы аясында өндірілген өнімдер де қойылды.

Айта кету керек, осындай ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері 2026 жылдың соңына дейін әр сенбі сайын ұйымдастырылып отырады. Бұл бастама өңірдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыруға және отандық тауар өндірушілерді қолдауға бағытталған.

Жәрмеңкелер ауыл кәсіпкерлеріне өз өнімдерін делдалсыз тікелей тұтынушыларға ұсынуға мүмкіндік берсе, тұрғындарға сапалы әрі табиғи өнімдерді қолжетімді бағамен сатып алуға жағдай жасайды.