Ақтөбедегі теміржол вокзалының реконструкциясы аяқталуға жақын

Ақтөбедегі теміржол вокзалының реконструкциясы аяқталуға жақын

 

«Актобе Строй Эксперт» ЖШС мердігер мекемесі бүгінде нысанның дайындық деңгейін 85%-ке жеткізді.

Жоба жетекшісі Нұрлан Мәдениетовтің айтуынша, вокзалда кондиционерлеу және желдету жүйелері толық жаңартылған, бұл ауа алмасуды жақсартып, жағымсыз иістерді жоюға мүмкіндік береді, соның ішінде жертөле қабаттарында да.

«Барлық жұмыс кестеге сай жүргізілуде, қажетті материалдармен толық қамтамасыз етілген. Реконструкцияны тамыз айында аяқтауды жоспарлап отырмыз, дегенмен шарт бойынша мерзім қазан айына белгіленген. Вокзал әлеуметтік маңызы бар нысан болғандықтан, сапаға нұқсан келтірмей, мерзімінен бұрын тапсыруға тырысып жатырмыз», – деді ол.

Ғимаратта сонымен қатар мүгедектігі бар азаматтарға арналған панорамалық лифт пен екі эскалатор орнатылған. Жұмыстар аяқталғаннан кейін вокзал толық жаңартылып, жолаушыларға жайлы қызмет көрсетуге бейімделеді.

Облыс әкімі Асхат Шахаров жобаны уақытылы аяқтау мен орындалатын жұмыстардың сапасын сақтауға баса мән беру керектігін атап өтті.

«Вокзал – қаладағы негізгі нысандардың бірі, сондықтан жұмыстар заманауи талаптарға сай әрі сапалы орындалуы тиіс. Жолаушылардың жайлылығы мен қолайлылығына ерекше көңіл бөлу қажет», – деді облыс әкімі.