№1 қалалық көпсалалы ауруханада күрделі жөндеуден өткен травматология бөлімшесі ашылды

№1 қалалық көпсалалы ауруханада күрделі жөндеуден өткен травматология бөлімшесі ашылды

 

Күрделі жөндеуден кейін Ақтөбе қаласындағы №1 қалалық көпсалалы аурухананың (бұрынғы Жедел медициналық жәрдем ауруханасы) травматология бөлімшесі медициналық көмекті заманауи деңгейде көрсететін мекемеге айналды.

Мұнда ауыр жарақат алған науқастарды емдеуге арналған жағдайлар айтарлықтай жақсарды.

Облыс әкімі жаңартылған палаталар мен емшара кабинеттерін аралап көріп, пациенттер мен медицина қызметкерлері үшін жасалған инфрақұрылымды бағамдады. Ол науқастар мен қызметкерлерге қолайлы жағдай жасаудың маңыздылығын атап өтіп, бай тарихы бар әрі еліміздің батыс өңірі үшін медициналық кадрлар даярлауда зор рөл атқаратын аурухана туралы айтты.

«Ауқымды жұмыс атқарылды. Бөлімше толық жаңартылып, сапалы әрі уақытылы медициналық көмек көрсетуге барлық жағдай жасалды. Бұл тәжірибені өңірдегі басқа да медициналық мекемелерге енгізу қажет», – деді Асхат Шахаров.

Облыс әкімі медицина қызметкерлерімен кездесіп, оларды кәсіби мерекелерімен құттықтады.

Жөндеу жұмыстары демеушілердің қаражаты есебінен жүргізілді.

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ерлан Сұлтангереевтің айтуынша, травматология бөлімшесі жаңғыртуды аса қажет еткендіктен, бірінші таңдалған.

Жөндеу барысында бөлімшеде заманауи стандарттар енгізілді: барлық палата санитарлық тораптармен жабдықталды, электр жүйесі толық жаңартылды. Соның нәтижесінде әрбір төсекке оттегі беру жүйесі бар көпфункционалды консоль орнатылды. Мұндай стандарттарды облыстағы медициналық мекемелерге енгізу жоспарланып отыр.

«Өңірдегі ауруханалардың бас дәрігерлеріне №1 қалалық көпсалалы аурухана базасына келіп, осы тәжірибені зерделеуді тапсырдым. Олар өз мекемелерінде жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде осы үлгіні басшылыққа алуы тиіс», – деді Ерлан Сұлтангереев.

Полижарақат бөлімін дамытуға аса көңіл бөлінуде. Бұл бағыт әртүрлі мамандардың қатысуымен ауыр әрі көптік жарақат алған науқастарға кешенді көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде өлім-жітім көрсеткіші төмендеуде.

Облыстың бас дәрігерінің айтуынша, бөлімше базасында аудандық ауруханалардың хирургтері оқытылып жатыр. Бұл медицина қызметкерлерінің ауыр жағдайлармен жұмыс істеуге дайындығын арттырады. Әсіресе жол-көлік оқиғалары кезінде шешуші рөл атқаратын «алтын сағат» қағидатының маңызы зор.

Жаз мезгілінде №1 қалалық ауруханада бөлімшелерді кезең-кезеңімен жаңғырту жұмыстары жалғасады. Екі корпус және ғимарат қасбетінің күрделі жөндеуі жүргізілмек. Келесі жылы тағы екі корпус жаңартылады.

Сонымен қатар, жедел жәрдем көліктерінің кіру сызбасы өзгертіліп, төрт қабатты қабылдау бөлімінің жаңа ғимараты салынады. Оның бірінші қабатында қабылдау бөлімі, екінші қабатында үш реанимация бөлімі (кардиологиялық, нейрохирургиялық және жалпы), үшінші қабатында шұғыл операциялық блок, ал төртінші қабатында жоспарлы операциялық бөлім орналасады.

Толық реконструкция 3–4 жылға созылып, тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи аурухана кешенін қалыптастыруға мүмкіндік береді.