Fitch Ratings «Ақтөбе» ӘКК-ге «BB» рейтингісін берді: өңір инвестиция тартудың жаңа мүмкіндіктеріне ие болады

Fitch Ratings «Ақтөбе» ӘКК-ге «BB» рейтингісін берді: өңір инвестиция тартудың жаңа мүмкіндіктеріне ие болады

 

Fitch Ratings халықаралық рейтингтік агенттігінің «Ақтөбе» ӘКК» АҚ ұйымына алғаш рет шетел валютасындағы және ұлттық валютадағы ұзақмерзімді дефолт эмитент рейтингі ретінде «BB» деңгейін, сондай-ақ тұрақты болжаммен «A+(kaz)» ұлттық ұзақмерзімді рейтингін беруі компанияның жаңа деңгейге шыққанын көрсетеді.

Әлемдегі жетекші рейтингтік агенттіктердің бірі қабылдаған бұл шешім «Ақтөбе» ӘКК-нің қаржылық тұрақтылығын және Ақтөбе облысының негізгі даму институты ретіндегі маңызды рөлін растайды.

Fitch Ratings бағалауына сәйкес, корпорация өңірлік әлеуметтік-экономикалық саясатты іске асыруда маңызды функция атқарып, кәсіпкерлікті қолдау, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және индустриялық инфрақұрылымды қалыптастыру бағыттарында үлес қосып келеді.

Халықаралық кредиттік рейтинг бюджеттен тыс қаржыландыруды тарту мүмкіндіктерін кеңейтіп, қаржы институттары, инвесторлар және стратегиялық әріптестермен ынтымақтастықты арттыруға жол ашады. Бұл өз кезегінде өңір аумағында инфрақұрылымдық, өндірістік және әлеуметтік маңызы бар жобаларға бағытталатын инвестиция көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

«Fitch Ratings тарапынан берілген рейтинг қазіргі заманғы қаржы құралдарын дамыту және Ақтөбе облысының инвестициялық тартымдылығын арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстың тиімділігін дәлелдейді. Халықаралық бағалау өңір экономикасына ұзақмерзімді капитал тарту үшін қосымша мүмкіндіктер қалыптастырады», — деп атап өтті «Ақтөбе» ӘКК» АҚ өкілдері.

Рейтингке қол жеткізу корпорацияның нарықтық қаржыландыру тетіктерін дамытудағы келесі кезең. Бұған дейін «Ақтөбе» ӘКК Қазақстандағы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арасында алғашқылардың бірі болып, Astana International Exchange алаңында әлеуметтік облигациялар орналастырып, өңірлік даму жобаларын қаржыландыруға қосымша инвестициялық ресурстар тартқан еді.

Бүгінде әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, азық-түлік қауіпсіздігі және бизнесті қолдау салаларында жобаларды жүзеге асырып келеді.