
Әйтеке би ауданы аумағындағы ірі жобалардың бірі - «Қарабұтақ - Қостанай» республикалық автожолының жалпы ұзындығы - 234 шақырым. Биыл соның 80 шақырымын қайта жөндеуге екі мердігер мекеме кірісті. Құрылысшылар жұмыстарды тез арада аяқтауға уәде беріп отыр.
Өңір басшысы Асхат Шахаров жауаптылармен кездесуде көлік жүргізушілері үнемі сынға алып жүрген жолдың құрылысын қатаң бақылауға алғанын тілге тиек етті. Жолшылар мерзім мен сапаны сақтауға міндетті.
«Бұл жол учаскесі ұзақ жылдар бойы жүргізушілер тарапынан орынды сынға ұшырап келеді. Тасжолдың жайы жол қозғалысының қауіпсіздігі, тұрғындардың жайлылығы және көлік қатынасының дамуына тікелей байланысты. Сондықтан біздің міндетіміз – жөндеу жұмыстарын сапалы атқарып, белгіленген мерзімде аяқтау. Барлық жұмыс халықтың талап-тілегі мен қолданыстағы талаптарға толық сай болуы тиіс», – деді Асхат Шахаров.
Ұзындығы 31 шақырымды құрайтын (105–136 шақырым) учаскеге «Қостанай жолдары» жауапты. Мердігер ұйым бұрын төселген жол жамылғысын фрезерлеуді бастады. Аталған жұмыстар аяқталғаннан кейін асфальт-бетон қоспасын төсейді.
Сонымен қатар, ұзындығы 49 шақырымды құрайтын (185–234 шақырым) жол учаскесін жөндеуді «Ассана ДорСтрой» міндетіне алған. Мекеме асфальт-бетон зауыты мен қиыршық тас өндіруге арналған ұсақтау-сұрыптау кешенін орнатты. Енді алдағы аптада жол салуға кіріспек.
Республикалық жолдың операторы - «Қазавтожол» ұлттық компаниясы. Олар жүргізген тексеру мен анықталған ақаулар негізінде жобалық-сметалық құжаттама әзірленген. Жоба аясында қолданыстағы жол жамылғысын фрезерлеу және суық ресайклинг әдісімен жол негізін күшейту қарастырылыпты.
«Бұл жұмыстардан кейін қалыңдығы 9 және 6 сантиметрлік екі қабат асфальт-бетон төселеді. Сондай-ақ жол жиектерін нығайту және жол белгілерін орнату жұмыстары жоспарланған», – деді облыс әкіміне жол құрылысы туралы баяндаған «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Ақтөбе облыстық филиалының директоры Айбол Данағұл.
Келер жылы Қарабұтақ – Қостанай бағытындағы автожолдың қалған 145 шақырымына орташа жөндеу жасалады.