
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың Әйтеке би ауданы сапары Сарат ауылында жалғасты.
Ауыл шағын, мұнда бар болғаны 89 үй бар және 475 адам тұрады. Саратта мектеп, балабақша, амбулатория, ауылдық клуб және кітапхана жұмыс істейді.
Елдімекеннің тұрмыс-тіршілігімен танысқан Асхат Шахаров сараттықтарды толғандыратын қандай мәселелер бар екенін білді.
Тұрғындар жеке қосалқы шаруашылық пен ауыл шаруашылығын есебінен нәпақаларын тауып отыр. Жалпы алғанда, 10 мыңнан астам ірі және ұсақ мал, жылқы, сондай-ақ 300-ден астам құс бар.
Саратта 11 шаруа қожалығы, 1 өндірістік кооператив, 14 жеке кәсіпкер және 2 дүкен жұмыс істейді. Ауылға 26 мың гектардан астам ауыл шаруашылығы жері бекітілген. Биылғы жылы жауын-шашынның мол түсуіне байланысты шөп жақсы өсіпті. Бұл мал азығын дайындауда өте маңызды.
Былтыр ауылда балалардың ойын және спорт алаңдары, жарықтандырылған жаяу жүргіншілер жолдары бар абаттандырылған орталық саябақ ашылды. Тұрғындардың айтуынша, күндіз мұнда балалар ойнайды, ал кешке, жұмыстарын бітіре сала, ересектер жиналып, демалады, әңгіме-дүкен құрады.
Ауылдың белсенділері әкіммен өткен кездесуде «Сарат – Тұмабұлақ» жолының құрылысын сұрады. Қазір жолдың 72–95 шақырым аралығындағы шағын бөлігі орташа жөндеу аясында ретке келтірілуде. Тұрғындар бұл жолдың тек екі ауылды ғана емес, сондай-ақ Қостанай облысы бағытына шығатынын, әрі аудан орталығы – Т. Жүргенов ауылына апаратынын айтады.
Сондай-ақ Сарат ауылына апаратын 12–24 шақырым жол учаскесі де жөнделіп жатыр. Жобаға облыстық бюджеттен 500,0 млн теңге бөлінген. Қазіргі таңда жол негізі дайындалып, 4,4 шақырым асфальт төселді. Жөндеу жұмыстарын 2027 жылдың сәуір айында аяқтау жоспарланған.
Асхат Шахаров екі жол учаскесін де қарап шығып, жұмыстарды сапалы әрі уақытылы аяқтау керектігіне назар аударды. Ол ауылдардың инфрақұрылымын дамыту ауыл тұрғындарының өмір сапасына және шалғай елді мекендерге қиындықсыз жетуге тікелей әсер ететінін алға тартты.
Округ тұрғындарымен өткен кездесуге 30 шақты адам қатысып, ауылды одан әрі дамыту мәселелері талқыланды. Сараттағы ағайын өмір сүру жағдайларының біртіндеп жақсарып, ауыл шаруашылығының дамып жатқанын және басталған жобалардың оң өзгерістерге бастайтынына үмітті. Олар ауылға спорт кешенін салып беру туралы тілектерін білдірді.
«Ауыл өз өмірін қалыпты ырғақта сүріп жатыр, адамдар еңбек етіп, шаруашылықтарын жүргізіп, отбасылары үшін жағдай жасап отыр. Бұл ахуалдың сақталғаны маңызды, тұрғындар өз ауылын аялауы, тазалық пен тәртіпті сақтауы қажет. Сонда ғана ауыл дамып, жайлы болып қала береді. Спорт кешенін салу мәселесін қарастырамыз», – деді облыс әкімі.