Тұмабұлақтың жаңа тынысы: күзде газ келеді, жол жөнделіп, медициналық нысан салынады

Тұмабұлақтың жаңа тынысы: күзде газ келеді, жол жөнделіп, медициналық нысан салынады

 

Бүгінде Тұмабұлақ ауылының келбеті біртіндеп жаңарып келеді: газ құбыры тартылып, жолдар жөнделіп, әлеуметтік инфрақұрылым жаңғыртылуда. Облыс әкімі ауылда қолға алынған негізгі жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысып, тұрғындармен кездесті.

Тұмабұлақ биыл Әйтеке би ауданында газ тартылатын үшінші ауыл болады. Мұнда көгілдір отын күзде келеді деген жоспар бар. Жобаның жалпы ұзындығы – 53,6 шақырым. Қазіргі уақытта оның шамамен 70 пайызы орындалған. Жоба іске қосылғаннан кейін ауданның газдандыру деңгейі 94 пайызға жетеді.

Маңызды нысандардың бірі – ауылдық клуб. Қазір күрделі жөндеу жүріп жатыр. Жобаның құны 85,3 млн теңгені құрайды, жұмыстардың 70 пайызы аяқталған. Ғимараттың шатыры мен терезелері толық жаңартылды, ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары жалғасуда. Жақын арада клуб қайтадан ауыл тұрғындарының қоғамдық өмірінің орталығына айналады.

Сондай-ақ Тұмабұлақта фельдшерлік-акушерлік пункт салу жоспарланған. Құрылыс жұмыстарын шілде айында бастау көзделіп отыр. Ауылдың аудан орталығынан 110 шақырым қашықтықта орналасқанын ескерсек, бұл жоба тұрғындардың алғашқы медициналық көмекке қолжетімділігін арттырып, шұғыл жағдайларда уақытты үнемдеуіне мүмкіндік береді.

Сонымен қатар ауыл тұрғындарын көптен толғандырған жол мәселесі де шешімін тапты. Жалпы ұзындығы 23 шақырымды құрайтын ауылдың кіреберіс жолы орташа жөндеуден өтіп, жаңартылмақ. Құрылысшылар жолдың негізін дайындап, инфрақұрылымды ретке келтіруде.

Тұрғындармен өткен кездесуде ашық әрі мазмұнды әңгіме өрбіді. Тұмабұлақта 449 адам тұрады. Мұнда 38 шаруа қожалығы мен 25 жеке кәсіпкер жұмыс істейді. Тұрғындардың айтуынша, ауылда өмір сүруге де, шаруашылық жүргізуге де барлық мүмкіндік бар.

«Біз мал шаруашылығымен айналысамыз, ауылда мектеп бар. Жалпы, тұрмысқа қажетті жағдайлар жасалған. Шаруа қожалықтары да қолдау көрсетеді. Ең бастысы – енді ауылымызға газ келіп жатыр. Бұл біз үшін үлкен көмек», – дейді ауыл тұрғыны Мақымжан Асуғарин.

Тұрғындар аудан халқына көрсетіліп жатқан қолдау үшін алғыс білдірді.

«Қазір аудан орталығында тұрғаныммен, осы ауылда өз үйім бар. Ауылымызда атқарылып жатқан жұмыстарды көріп отырмыз: жолдар жөнделіп жатыр, газ тартылуда, медициналық нысан салу жоспарланған. Мұның бәрі қуантады. Жыл сайын өмір сүру жағдайы жақсарып келеді, ауылдың болашағына деген сенім артады. Сіздің халық мәселелерін шешуге жауапкершілікпен қарайтыныңызды көріп жүрміз. Тек біздің ауылдың өзінде қаншама жоба жүзеге асырылып жатыр. Өлкеміздің өркендеп, дами беруіне тілектеспіз», – деді Жанайдар Махамбетов.

Сапар қорытындысында аймақ басшысы Асхат Шахаров ауылдық аумақтарды дамыту басты басымдықтардың бірі болып қала беретінін атап өтті.

«Біз үшін ауылдардың дамып, тұрғындардың нақты оң өзгерістерді сезінуі маңызды. Бұл газдандыруға да, жолдарға да, әлеуметтік инфрақұрылымға да қатысты. Барлық жоба сапалы орындалып, белгіленген мерзімде аяқталуы тиіс», – деген облыс әкімі жобаларды іске асыру мерзімдерінің сақталуына баса назар аударылатынын жеткізді.