
Әйтеке би ауданының Жабасақ ауылында облыс әкімі инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылу барысын бағамдап, «Қарашатау – Жабасақ» автомобиль жолының жай-күйін көрді және жергілікті тұрғындармен жүздесті.
Ауыл халқы бұған дейін аймақ басшысының жеке қабылдауында жол мәселесін көтерген еді. Қабылдаудан кейін мәселе бақылауға алынып, бүгінде ұзындығы 13 шақырымды құрайтын «Қарашатау – Жабасақ» автожолын жөндеу жұмыстары басталды. Қазіргі уақытта жолдың негізі дайындалып, қиыршық тас төсеу және оны нығыздау жұмыстары жүргізілуде.
Жабасақ ауылында 535 адам тұрады. Биыл ауылға табиғи газ тарту жоспарланған. Қазіргі таңда шамамен 23 шақырым газ құбыры тартылды. Жобаға сәйкес жұмыстар қазан айында аяқталуы тиіс. Дегенмен мердігер мекеме нысанды тамыз айында пайдалануға беруге мүмкіндік бар екенін мәлімдеді.
Облыс әкімі инфрақұрылымдық жобаларды сапалы әрі уақытылы аяқтаудың маңыздылығын атап өтіп, жолдарды дамыту мен ауылдарды газдандыру тұрғындардың өмір сүру сапасы мен өңірдің экономикалық белсенділігіне тікелей әсер ететінін жеткізді.
Жабасақ тұрғындарымен кездесу 2020 жылы ауыл түлектерінің бастамасымен салынған саябақта өтті. Бүгінде бұл жер ауыл тұрғындарының сүйікті демалыс орнына айналған.
Жергілікті тұрғын Мәрия Нәжімованың айтуынша, Жабасақ ауылында өмір сүру жағдайы жыл сайын жақсарып келеді.
«Бізде жағдай жақсы. Жол жөнделіп жатыр, жақын арада газ келеді. Мектеп пен медициналық пункт бар. Көпшілік мал шаруашылығымен айналысады. Мен осы ауылда туып-өстім және оның қалай жақсы жаққа өзгеріп жатқанына өзім куәмін», – деді Мәрия Нәжімова.
Сонымен қатар Байжанкөл ауылының тұрғыны облыс әкімінен медицина мамандары мәселесін шешуге қолдау көрсетуді сұрады. Олардың айтуынша, бұрын ауылда дәрігер жұмыс істеген, алайда маман басқа жаққа қоныс аударған. Қазіргі уақытта медициналық қызметкердің жоқтығы, әсіресе балаларға көмек қажет болған кезде, тұрғындарға қолайсыздық туғызуда.
Асхат Шахаров бұл мәселе салалық құрылымдармен бірлесіп қарастырылатынын айтты.
«Біз ауылдық жерлерге жұмыс істеуге келген мамандарға жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз. Ол үшін тұрғын үймен қамтамасыз ету және басқа да әлеуметтік кепілдіктерді қамтитын мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылған. Егер маман табылса, оның ауылда тұрақтап жұмыс істеуіне қажетті көмек көрсетеміз», – деді Асхат Шахаров.
Кездесу қорытындысында Асхат Шахаров ауылдық аумақтарды кешенді дамыту өңірлік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі болып қала беретінін алға тартты. Газдандыру, жол инфрақұрылымын дамыту және абаттандыру бағытындағы жобалар алдағы уақытта да жалғасады.
«Мен ауылдық елді мекендерге тұрақты түрде барып, тұрғындармен кездесіп, олардың өтініштерін жеке қараймын. Біз үшін мәселені тіркеп қана қою емес, оны нақты шешімге дейін жеткізу маңызды. Әрбір өтініш жеке қаралып, тиісті шаралар қабылданады. Жабасақ ауылында бұл жұмыстың нақты нәтижесі көрініп отыр: тұрғындардың мәселелері қаралып, қажетті құжаттар дайындалды және бүгінде жол жөндеу мен басқа да инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру жұмыстары жүргізілуде. Ауыл инфрақұрылымын дамыту халықтың өмір сапасына тікелей әсер етеді. Сондықтан бұл жұмыс жүйелі түрде әрі тұрақты негізде жалғасады», – деп атап өтті өңір басшысы.