Ақтөбеде қоғамдық кеңістіктер көбеюде

Ақтөбеде қоғамдық кеңістіктер көбеюде

 

Ақтөбе қаласында тұрғындардың демалысына қолайлы жағдай жасауға бағытталған қоғамдық кеңістіктер саны артып келеді. Қаланы абаттандыру жұмыстары мемлекеттік-жекеменшік серіктестік пен демеушілердің қолдауы арқасында қарқынды жүзеге асырылуда.

Жуырда қаладағы маңызды нысандардың бірі – автовокзал маңындағы алаң жаңа келбетке ие болды. Қала әкімінің Ақтөбені көркейтуге үлес қосу жөніндегі үндеуін қолдаған «Айс» сүт компаниясы бұл аумақты толық абаттандыру жұмыстарын қолға алды.

Жобаның аясында көлемі 3800 шаршы метр аумақ заманауи қоғамдық кеңістікке айналдырылды. Мұнда көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, автоматты суару жүйесі орнатылды. Сонымен қатар тұрғындардың жайлы демалуына жағдай жасау мақсатында «Бавария» брусчаткасы төселіп, орындықтар мен саябақ шамдары қойылды, толық жарықтандыру жүйесі тартылды.

Жаңартылған нысанның ерекше көркіне айналған элементтердің бірі – 30 жылдан астам уақыт жұмыс істемей тұрған ескі субұрқақтың қайта іске қосылуы. Қалпына келтірілген субұрқақ бүгінде қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орындарының біріне айналып келеді.

Айта кету керек, биылғы жылдың қаңтар айында қоғамдық кеңістіктерді жаңғыртуға арналған бірқатар жобаларды таныстырылған болатын. Бағдарлама аясында қараусыз қалған аллеялар, скверлер мен бос жатқан аумақтарды қайта жаңарту жоспарланған. Жалпы алғанда жоба 26 нысанды қамтиды.

Соңғы жылдары абаттандыру жұмыстарында демеушілік қаражаттарды тартуға басымдық берілуде. Егер 2024 жылы меценаттардың қолдауымен 5 нысан жаңартылса, 2025 жылы олардың саны 15-ке жеткен. Олардың қатарында саябақтар, скверлер және қаладағы алғашқы кәсіби скейтпарк та бар.

Қоғамдық кеңістіктердің көбеюі тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырып қана қоймай, қаланың сәулеттік келбетін жақсартуға, экологиялық ахуалын нығайтуға және азаматтардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік береді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, Ақтөбенің жайлы әрі заманауи қала ретінде дамуына серпін бермек.