Аймақ басшысы Ойыл ауданындағы жол жөндеу және көпір құрылысының барысымен танысты

Аймақ басшысы Ойыл ауданындағы жол жөндеу және көпір құрылысының барысымен танысты

 

Ойыл ауданы аумағында ұзындығы 41,1 шақырымды құрайтын «Шұбарқұдық – Ойыл – Қобда – Тұзтөбе» автожолын орташа жөндеу жобасы жүзеге асырылуда. Құрылыс жұмыстарын 2027 жылы аяқтау жоспарланып отыр.

Нысанда дайындық және құрылыс жұмыстары қарқынды. Атап айтқанда, қиыршық тас пен цемент жеткізіліп, жол төсемін салуға қажетті материалдық-техникалық база қалыптастырылуда. Қазіргі уақытта жол негізін ресайклирлеу және жекелеген учаскелерге асфальт-бетон жабындысын төсеу жұмыстары орындалған.

Жобаға 29 жол жұмысшысы тартылып, 15 бірлік арнайы техника жұмылдырылған. Өндірістік үдерістің үздіксіз жүруін қамтамасыз ету мақсатында қиыршық тас-құм қоспасын, цемент пен асфальт-бетон материалдарын жеткізу бойынша келісімшарттар жасалған. Жобаның орындалу барысы - тиісті салалық басқармалардың бақылауында.

Асхат Шахаров мердігер ұйымға құрылыс қарқынын төмендетпей, жұмыстардың бекітілген кестеге сәйкес орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.

«Жол инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жобалар кідіріссіз әрі сапалы жүзеге асырылуы тиіс. Бөлінген қаражаттың тиімді игерілуі мен атқарылатын жұмыстардың сапасына баса назар аудару қажет», – деді облыс әкімі.

Бұдан кейін өңір басшысы Ойыл ауылына кіреберіс көпірдің құрылысымен танысты. Құрылыс жұмыстарын «Теңізстройсервис Групп» ЖШС жүргізуде. Жобаның жалпы құны – 3,4 млрд теңге.

Бүгінде көпірдің қада қағу жұмыстары толық аяқталып, барлық 8 тірегі тұрғызылған. Сондай-ақ 56 арқалық орнатылып, көлік қозғалысын уақытша ұйымдастыру жұмыстары жүргізілген.

Облыс әкімі құрылыс басында ауыл ақсақалдарымен кездесуде инфрақұрылымдық жобаларды сапалы әрі уақытылы аяқтаудың маңыздылығына тоқталып, жол желісін дамыту мен көлік қолжетімділігін арттыру өңір тұрғындарының өмір сапасы мен әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер ететінін алға тартты.