Ойыл ауданының Кемер және Ақкемер ауылдарына көгілдір отын жетті

Ойыл ауданының Кемер және Ақкемер ауылдарына көгілдір отын жетті

 

Ақтөбе облысында елді мекендерді газдандыру жұмыстары жалғасуда. Бүгін Ойыл ауданындағы екі ауыл табиғи газға қосылды.

Газ құбырларын іске қосу рәсіміне облыс әкімі Асхат Шахаров қатысты. Ол ауылдық жерлердегі инженерлік инфрақұрылымды дамыту мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті.

«Осы айтулы күні біз Ақкемер мен Кемер ауылдарының тұрғындары үшін көптен күткен қуанышты оқиғаның куәсі болып отырмыз. Екі ауылдағы үйлерге көгілдір отын беріліп, бұл елді мекендердің дамуына және халықтың тұрмыс сапасын арттыруға жаңа мүмкіндік ашты. Осыған дейін көптеген отбасы қысқа дайындықты ерте бастап, көмір мен отын дайындап, пеш тазалап, күн сайын күл шығаруға мәжбүр болатын. Енді бұл қиындықтар біртіндеп өткеннің еншісінде қалмақ. Көгілдір отын ауданның екі ауылына бірдей келіп, олардың дамуында жаңа кезеңнің басталуына жол ашты», – деді өңір басшысы.

Асхат Шахаров Ақкемер тұрғындары үшін бұл күннің айырықша маңызға ие екенін айтты. Екі жыл бұрын ауыл су тасқынының зардабын көріп, үйлер мен шаруашылықтарға зиян келген-ді. Алайда мемлекет қолдауының арқасында апат салдары қысқа мерзімде жойылды. Ауылда 16 жаңа үй салынып, инфрақұрылым қалпына келтірілді. Енді тұрғындардың тұрмысын жақсартуға бағытталған тағы бір маңызды қадам ретінде ауыл газдандырылып отыр.

Ақкемер ауылын газбен қамту жобасы «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. Жобаны іске асыруға 65,5 млн теңге бөлінді. Мердігер ұйым – «GazMart» ЖШС. Нәтижесінде 378 адам тұратын 71 үй мен үш әлеуметтік нысан табиғи газға қосылды.

Кемер ауылындағы газ құбырының іске қосылуы да маңызды оқиға. Бұл жобаға 207,3 млн теңге бөлініп, жұмыстарды «АСК-7 НС» ЖШС атқарды. Көгілдір отын 770 адам тұратын 159 үй мен 20 әлеуметтік нысанға жеткізілді. Ауыл үшін ұзындығы шамамен 15 шақырым құрайтын газ құбыры салынды.

Жаңа жүйеге алғашқылардың бірі болып ауылдың белгілі тұрғындарының үйлері қосылғаны да ерекше мәнге ие. Ақкемер ауылында көгілдір отын «Дархан-1» шаруа қожалығының жетекшісі Өтеміс Қожағалиевтің үйіне берілсе, Кемер ауылында газ облыстық «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы, «Спарта» шаруа қожалығының басшысы Спартак Төремұратовтың шаңырағына қосылды.

Ауыл тұрғындары көптен күткен оқиғаға қатысты өз әсерлерімен бөлісті.

«Мен осы ауылда 35 жылдан бері тұрамын. Осында туып-өстім. Газдың келуі бәріміз үшін үлкен қуаныш болды. Бұрын ескі үйімізді тезек пен көмір жағып жылынатынбыз. Отынды алдын ала дайындап, пешті үнемі бақылап отыру керек еді. Екі жыл бұрын жаңа үйге көшсек те, пеш жағуды жалғастырдық. Енді газдың келуімен өміріміз айтарлықтай жеңілдейді. Үйіміз жылы әрі таза болады, отын дайындауға кететін уақыт пен күштен құтыламыз. Бұл тек қолайлылық қана емес, отбасы бюджетін үнемдеуге де мүмкіндік береді. Біз өте қуаныштымыз», – деді Ақкемер ауылының тұрғыны Салтанат Сапиева.

«Мен 78 жастамын. Бар ғұмырым осы ауылда өтті. Балаларымды өсіріп, 2002 жылы зейнетке шықтым. Бұрын қыста өте қиын болатын. Үйдегі пешке түнде де тұрып, отын немесе көмір салуға тура келетін. Бір маусымның өзінде отынға шамамен 180 мың теңге жұмсайтынбыз. Сонымен қатар күл шығарып, отты үнемі бақылауда ұстау қажет еді. Сондықтан газдың келуі біз үшін үлкен жеңілдік. Енді үйіміз жылы әрі жайлы болады. Осы арманымыздың орындалуына үлес қосқан барлық азаматқа алғыс білдіремін. Ең бастысы – елімізде бейбітшілік пен татулық болсын», – деді ауыл тұрғыны Жұмағұл Нұрғалиева.

«Біз ұзақ уақыт бойы басқа ауылдардың газға қосылып жатқанын көріп, «газ бізге қашан келеді?» деп армандайтынбыз. Енді сол арманымыз орындалды. Қазір біздің жағдайымыз қаладан кем емес. Жолымыз бар, ауыз су мен электр жарығы үздіксіз беріледі. Интернет тұрақты жұмыс істейді. Қалаға небәрі екі сағатта жете аламыз. Болып жатқан оң өзгерістерге өте ризамыз. Ел Президентіне және облыс әкіміне ауыл тұрғындарына көрсетіп отырған қамқорлығы мен қолдауы үшін алғыс айтамыз», – деді Кемер ауылының тұрғыны Кенжебай Қазмағамбетов.

Асхат Шахаровтың айтуынша, өңірді газдандыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады.
 
Былтырғы жылы облыстың 32 ауылына табиғи газ жеткізіліп, шамамен 13 мың тұрғын көгілдір отынның игілігін көрді. Биыл тағы сегіз елді мекенді газға қосу жоспарланып отыр. Нәтижесінде Ақтөбе облысындағы газдандыру деңгейі 97,5 пайызға жетеді.