Ақтөбе облысында 2026-2027 жылдарға 107 ветеринариялық пункт пен 57 мал қорымы салынады

Ақтөбе облысында 2026-2027 жылдарға 107 ветеринариялық пункт пен 57 мал қорымы салынады

 

Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен жиында ветеринария саласын дамыту және өңірдегі эпизоотиялық ахуал мәселелері қаралды.

Облыстық ветеринария басқармасының басшысы Айбек Сембайдың мәліметінше, өңірде 2,2 миллионнан астам ауыл шаруашылығы жануары тіркелген. Оның ішінде 617 мыңнан астам ірі қара мал, 1,15 миллион ұсақ мал, 413 мың жылқы, сондай-ақ 23 мыңнан астам түйе бар.

Аса қауіпті аурулардың алдын алу мақсатында 2026 жылы жануарлар мен құстарды 12 түрлі аса қауіпті ауруға қарсы вакцинациялау бойынша 9,1 миллионнан астам доза вакцина егу жұмыстары жоспарланған. Сонымен қатар, бруцеллезге қарсы 800 мыңнан астам ірі қара мен 1,4 миллионнан астам ұсақ мал тексеріледі.

«Өңірде ветеринария саласын цифрландыру жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде дерекқорға ондаған мың жануар енгізілді, чиптеу және GPS-мониторинг жүйелері енгізілуде. Ірі қара малға 3 188 чип, жылқыларға 15 565 чип орнатылып, 1 170 GPS-трекер қолданылуда. Ветеринариялық станциялар 157 сканермен жабдықталған. 2026 жылы жануарларды сәйкестендіру жүйесін одан әрі дамыту, соның ішінде құлақ сырғаларымен қамтамасыз ету көзделген», – деді Айбек Сембай.

2026 жылы 3 модульдік ветеринариялық станцияны сатып алып, қондыру, 77 ветеринариялық пункт және 28 типтік мал қорымын салу жоспарланған. Жалпы алғанда, екі жыл ішінде 3 ветеринариялық станция, 107 ветеринариялық пункт және 57 мал қорымы бой көтермек.

«Облыстағы ветеринариялық-эпизоотиялық жағдайды тұрақтандыру – ауыл шаруашылығы, қоғамдық денсаулық сақтау және азық-түлік қауіпсіздігі үшін аса маңызды стратегиялық міндет. Бақылау жеткіліксіз болған жағдайда жұқпалы аурулардың таралуы мен экономикалық шығындардың арту қаупі жоғарылайды. Сондықтан барлық жауапты органдар аса қауіпті аурулардың алдын алу және олардың таралуына жол бермеу бағытында жүйелі әрі үйлесімді жұмыс жүргізуі қажет», – деді Асхат Шахаров.

Өңір басшысы жауапты органдарға аса қауіпті аурулардың алдын алу және оларды жою шараларын күшейтуді, вакцинациямен толық қамтуды, ауыл шаруашылығы жануарларын тасымалдауға ветеринариялық құжаттарды міндетті түрде рәсімдей отырып бақылауды қатаңдатуды, сондай-ақ биологиялық қалдықтарды кәдеге жарату жүйесі мен мал қорымдарын күтіп-ұстау жұмыстарын жетілдіруді тапсырды.