
Ақтөбе облысында білім беру ұйымдарын жаңғырту жұмыстары жүйелі түрде жалғасып келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан «1300 мектепті реновациялау» ұлттық жобасы аясында өңірде 2025-2027 жылдары 24 мектеп кешенді жаңғыртудан өтеді.
Соңғы үш жылда облыстың білім беру инфрақұрылымын дамытуға қомақты қаражат бағытталды. 2023-2025 жылдары аралығында 104 білім беру ұйымында жалпы сомасы 19 млрд теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілсе, оның ішінде 68 мектеп 12,2 млрд теңгеге жаңартылды.
2025 жылы реновация бағдарламасының алғашқы кезеңі табысты аяқталды. Облыстың 7 мектебінде кешенді күрделі жөндеу жүргізіліп, бұл мақсатқа 3,3 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінді. Қаржының негізгі бөлігі құрылыс-монтаж жұмыстарына бағытталса, 802,7 млн теңгесі мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға жұмсалды.
Нәтижесінде білім беру ұйымдарында жаңа пәндік кабинеттер ашылып, сынып бөлмелері, асханалар, кітапханалар мен спорт залдары заманауи талаптарға сай қайта жабдықталды.
Жаңғырту жұмыстарының тиімділігін Мұғалжар ауданы, Ембі қаласындағы №4 орта мектептің мысалынан анық көруге болады. Бұл білім ордасы 2025 жылы жаңартылған жеті мектептің қатарына енді.
Мектеп ғимаратына мердігер ұйым – «Алихан Ойл 3» ЖШС тарапынан 313,8 млн теңге көлемінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ғимараттың ішкі және сыртқы бөліктері толық жаңартылып, инженерлік жүйелері ретке келтірілді. Сонымен қатар мектептің материалдық-техникалық базасын нығайтуға 48,5 млн теңге бөлінді. Нәтижесінде білім ордасында заманауи талаптарға сай жабдықталған бес жаңа модификациялы пәндік кабинет ашылып, спорт залының материалдық базасы толық жаңартылды.
Биылғы жаңғырту жұмыстары өңірдегі 7 мектепті қамтып отыр. 3,5 млрд теңгеден астам қаражатқа мектеп ғимараттарының шатырлары мен қасбеттері жөнделіп, инженерлік желілер жаңартылады, қауіпсіздік жүйелері күшейтіледі.
Сонымен қатар білім беру ұйымдары жаңа үлгідегі пәндік кабинеттер, заманауи жиһаздар, спорттық құрал-жабдықтар және жаңартылған кітапхана қорымен қамтамасыз етіледі.
Жобаның тағы бір маңызды бағыты – Ақтөбе қаласындағы №5 орта мектепті жаңғырту. Білім беру ұйымының жылу және кәріз жүйелері жаңартылып, электр желілері толық ауыстырылады, ғимараттың қасбеті мен ішкі құрылымдары жөнделеді.
Сонымен қатар 2027 жылға жоспарланған мектептерді жаңғырту жұмыстарының дайындық кезеңі басталып кетті. Биылғы бюджетті нақтылау барысында алты мектеп бойынша жобалық-сметалық құжаттамаларды әзірлеуге және мемлекеттік сараптамадан өткізуге қаржы бөлінді. Қалған үш нысанның қажетті құжаттары әзір.
Мамандардың айтуынша, реновация жобасының басты мақсаты – тек ғимараттарды жөндеу емес, ауыл мен қала мектептері арасындағы инфрақұрылымдық айырмашылықты азайтып, барлық оқушы үшін қауіпсіз, жайлы әрі заманауи білім беру ортасын қалыптастыру.
Осылайша, 2027 жылдың аяғына дейін Ақтөбе облысындағы 24 мектептің кешенді жаңғыртылуы мыңдаған оқушының сапалы білім алуына мүмкіндік беріп, өңірдің білім беру жүйесін жаңа деңгейге көтеруге ықпал етеді.