Биыл Ақтөбеде автобус паркі 141 жаңа автобуспен толықтырылады

Биыл Ақтөбеде автобус паркі 141 жаңа автобуспен толықтырылады

 

Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде қоғамдық көлікті дамыту және жолаушылар тасымалы қызметінің сапасын арттыру мәселесі қаралды.

Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айбек Қайырдың айтуынша, облыста 66 автобус бағыты жұмыс істейді. Оның ішінде 46-сы – қалалық, 14-і – ауданішілік, 2-і – облысаралық және 4-і – халықаралық бағыттар. Халықаралық рейстер Орынбор, Самара, Орск және Уфа қалаларына қатынайды. Жаз мезгілінде облысаралық тасымалдар Қызылорда мен Атырау бағыттарына жүзеге асырылады.

Ауданаралық автобус бағыттары 14 бағытта қызмет көрсетеді. Олардың қатарында Темірбек Жүргенов, Мәртөк, Бадамша, Ойыл және Қобда бағыттары бар. Тасымалдауды бір негізгі оператор және 7 жеке компания жүзеге асырады. Бағыттарға күн сайын 47 автобус шығады, оның 31-і – жаңа көлік. 2025 жылы бұл бағыттарды қолдауға 611,7 млн теңге бөлінсе, 2026 жылы қаржыландыру көлемі 698,7 млн теңгеге дейін ұлғайтылды.

Ақтөбе қаласында 46 бағыт бойынша жолаушылар тасымалын 6 компания қамтамасыз етеді. Күн сайын желіге 355 автобус шығады. Биыл қалалық тасымалдарды субсидиялауға 10,3 млрд теңге қарастырылған. Соңғы үш жылда 242 автобус сатып алынып, автопаркті жаңарту деңгейі 85 пайызға жетті. 2026 жылы тағы 141 автобус сатып алу жоспарланған.

Қазіргі таңда 93 жаңа автобус сатып алынып, бағыттарға шығарылды. Оның ішінде 45 электробус бар. Бұл – өңірде электрлі қоғамдық көлікті енгізудің алғашқы тәжірибесі. Жыл соңына дейін тағы 48 автобус жеткізіледі деп күтілуде.

Асхат Шахаров қоғамдық көлік жұмысына қатысты тұрғындардан түсіп жатқан шағымдарға назар аударды. Атап айтқанда, қозғалыс кестесінің сақталмауы, автобустарды ұзақ күту, GPS жүйесінің өшірілуі және қызмет көрсету сапасының төмендігі мәселелері көтерілді.

Өңір басшысы жауапты мекемелерге бағыттардың жұмысын тұрақты бақылауды, 109 қызметі мен әлеуметтік желілер арқылы келіп түсетін тұрғындардың өтініштеріне жедел әрекет етуді, сондай-ақ проблемалы учаскелерге жан-жақты талдау жүргізуді тапсырды.

«Қоғамдық көлік саласындағы жағдай тұрақты бақылауды талап етеді. Бағыттардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету, тасымалдаушылардың жауапкершілігі мен тәртібін күшейту, тұрғындардың өтініштеріне жедел ден қою маңызды. Барлық проблемалы учаскелер жан-жақты талданып, анықталған кемшіліктер уақытылы жойылуы тиіс. Сонымен қатар жаңа тұрғын үй алаптарында бағыттар желісін дамытуға және аялдама инфрақұрылымын жаңғыртуға аса көңіл бөлінуі қажет», – деді Асхат Шахаров.