
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Италияның Eni S.p.A. компаниясының еншілес ұйымы – «Plenitude Kazakhstan» ЖШС бас директоры Федерико Пульеземен кездесу өткізді. Келіссөздер барысында тараптар жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобаларды іске асыру, инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамыту және компанияның өңірдегі әлеуметтік бастамаларға қатысу мәселелерін талқылады.
Компания өкілдерін қарсы алған өңір басшысы Қазақстан мен Италия арасындағы серіктестік қатынастардың жоғары деңгейін алға тартты. Оның айтуынша, екі ел арасындағы саяси және экономикалық диалогтың белсенді дамуы өзара ынтымақтастықтың нығаюына ықпал етуде. Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы қаңтарда Италияға жасаған ресми сапары сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды кеңейтуге жаңа мүмкіндіктер ашты.
Бүгінде Италия - Еуропалық одақ елдері арасындағы Қазақстанның ірі сауда серіктестерінің бірі. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Ақтөбе облысы мен Италия арасындағы тауар айналымы 182,8 млн АҚШ долларын құрады. Оның ішінде экспорт көлемі – 165,1 млн доллар, ал импорт көлемі – 17,7 млн доллар.
Кездесу барысында Асхат Шахаров өңірдің энергетика саласын дамытудағы «Plenitude Kazakhstan» компаниясының қосып отырған үлесін сөз етті. Компания жүзеге асырған Бадамша ауылындағы жел электр станциясы жобасы Eni компаниясының жел энергетикасына салған алғашқы ірі инвестициясы әрі Қазақстандағы жаңартылатын энергия көздері саласындағы алғашқы жобасы болды.
«Ақтөбе облысы үшін бұл жоба - Қазақстан мен Италияның «жасыл» энергетика саласындағы табысты ынтымақтастығының жарқын үлгісі. Оның жүзеге асырылуы жаңартылатын энергия көздерін дамыту, заманауи технологияларды енгізу және тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету жөніндегі стратегиялық міндеттерге толық сәйкес келеді», – деді облыс әкімі.
Кездесу барысында компанияның өңірдегі әлеуметтік бастамаларын іске асыру мәселесіне де ерекше назар аударылды. «Plenitude Kazakhstan» ЖШС-нің бас директоры Федерико Пульезе компанияның қазіргі қызметі, жүзеге асырылып жатқан жобалары және Қазақстандағы қызмет аясын кеңейту перспективалары туралы ақпарат берді.
2026 жылғы мамыр айында компания Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі ұйымдастырған аукцион қорытындысы бойынша қуаттылығы 100 МВт құрайтын жел электр станциясын салу құқығына ие болды. Нысан пайдалануға берілгеннен кейін жыл сайын шамамен сағатына 400 ГВт электр энергиясын өндірмек. Түпкілікті инвестициялық шешім қабылданғаннан кейін жобаны іске асыру 2026–2028 жылдарға жоспарланған.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар энергетика саласын дамытуға, инвестициялар тартуға және Ақтөбе облысының инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған жаңа бастамаларды бірлесіп жүзеге асыруға және өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екендерін растады.